19 жастағы матросты өз-өзіне қол салуға жеткізуі мүмкін - әскери прокуратура

Басылым атап өткендей, 29011 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметке шақырылған 19 жастағы сарбазының денесі душ бөлмесінен табылды. Маңғыстау облыстық сот-медициналық сараптамасының мамандары мәйітті тексерді. Оның нәтижесі бірнеше күннен кейін белгілі болады.
«11 наурыз күні күннің алғашқы бөлігінде мәйітті аштық. Жергілікті уақытпен сағат 15:50-де бөлім командирінің ілесуімен әскери қызметшінің денесі Ақтаудан сарбаздың туған өлкесі - Қостанайға аттандырылды», - деді Ақтау гарнизонының әскери прокуроры Рустам Ходжаев.
Оның айтуынша, оқиға бірегей реестрде «Өз-өзіне қол салуға жеткізу» бабы бойынша тіркелген.
Бұған дейін ҚР Қорғаныс министрлігі 29011 әскери бөлімі матросының қаза табуына қатысты ресми хабарлама таратты. Онда қатардағы сарбаз М.А. Шишімбаевтің «қаруды абайсыз қолдану салдарынан» көз жұмғаны айтылған.
Қазіргі таңда оқиға себебін анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде. ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы мен әскери полиция қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы жұмыс жасауда. Сондай-ақ, бұл іс Бас прокуратураның бақылауында.