1995 жылы қабылданған ҚР Конституциясының негізгі авторы елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев деп толық айтуға болады - А.Смайыл

Бұл пікірін бүгін Астана қаласы әкімдігінде «Конституция - мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының кепілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл білдірді.
«1995 жылы қабылданған Конституцияның негізі авторы біздің республикамыздың Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев деп толық айта аламын. Неге десеңіздер, ол Еуропа мен Азияның, Солтүстік және Латын Америкасының дамыған және дамып келе жатқан барлығы 26 елінің конституциясымен танысып, жіті зерделеді. Сөйтіп, 1994 жылы жаңа Конституцияның үлгі жобасын өз қолымен Әділет министрлігіне берді. Нақ осы үлгі жоба біз талқылап отырған Конституцияның негізі болды», - деді депутат дөңгелек үстелге қатысушыларға қаратып айтқан сөзінде.
1995 жылғы Конституцияның ерекшеліктеріне тоқталған А.Смайыл, Ата Заңның жобасын талқылауға тек қазақстандық заңгерлер ғана емес, сонымен қатар Франция Конституциялық кеңесі мен осы елдің мемлекеттік кеңесінің өкілдері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері қатысып, зерттегенін атап өтті.
Сондай-ақ Конституцияның алғашқы бабына Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша мемлекеттің төрт ұстанымы - қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық; экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; маңызды мәселелерді референдум және парламентте дауыс беру арқылы шешу мәселелері енгізілді.
Депутаттың айтуынша, бұл ұстанымдардың бірінші бапқа енгізілуіне сол кезде бірқатар тұлғалар үзілді-кесілді қарсы болған. Себебі әлем елдерінің конституцияларының кіріспесінде мұндай бап бұрын-соңды болмаған. «Осы төрт мәселені Конституцияға және оны бірінші бапқа енгізу арқылы біз Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алдық», - деді ол.
«Бұдан кейін саяси билікке саяси партиялар тартыла бастады. Бірақ сол кезде олардың рөлін дамыған елдердегі деңгейге жеткізу әлі ерте болатын. Саяси партиялар мемлекеттік билікке батыл араласуға аса дайын болған жоқ. Осыған байланысты, саяси партияларды Парламентке партиялық жүйемен сайлау кейін енгізілді», - деді депутат.
Жалпы А.Смайылдың сөзіне қарағанда, 1995 жылы қабылданған Конституция бүкілхалықтық талқылауға салынған, көпшіліктің пікірі ескерілген ең алғашқы құжат. Мәселен, сол кездегі деректер бойынша, жобаны талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысқан. Елден 31 886 ұсыныс түскен. Соның 1 100-ы Конституцияның жобасына енгізілді. Қалған өзгерістер талқылау арасында Парламент депутаттары мен жергілікті мәслихат депутаттарының ұсыныстары бойынша енгізілді.