2008-2015 жылдары А.Есімов басқарған Алматы: метро құрылысы аяқталып, автобус парктері жекеменшіктен қайтарылып алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ахметжан Есімов ҚР Мемлекет басшысының Жарлығымен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды.
None
None

Ахметжан Смағұлұлы Есімов Алматы қаласын 2008 жылдан бері басқарып келді. Қалалық баспасөз қызметі осы уақыт аралығында жүзеге асқан жұмыс туралы қысқаша баяндап берді.

Ең алдымен алданған 16 мың үлескердің мәселесі шешілді. 7 жыл арасында 400 мыңға жуық адам баспаналы болып, 7606 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2008 жылдан бері 117 білім беру нысаны, 42 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Сондай-ақ Ахметжан Есімов кезінде 20 жылдан бері міз бақпай тұрған метроның құрылысы аяқталды. Қазір жерасты жолы тәулігіне 35 мың адамды тасымалдауға қауқарлы. А.Есімов жекеменшік иемденіп келген автобус парктерін муниципалдық меншікке қайтарды.

«Қазір коммуналдық меншікте газбен жүретін 600 автобус, 400 такси, 232 тролллейбус пен трамвай, метро бар. Қалалық меншіктегі автокөліктің барлығы экологиялық тұрғыдан таза. Жалпы жолаушы ағымы 2009 жылдан бері 110 млн адамға артты», - делінген хабарламада. 2011 жылы Азия құрлығының 26 елінің спортшылары бақ сынаған Азиада өтті. Сол жылдан бастап қаладағы жайылма базарларды ретке келтіру жұмыстары басталды. Тексеру жұмыстары көрсеткендей, 74 базардың 34-і қызыл желіде орын тепкен. Олардың барлығы таратылды.

2014 жылдың қорытындысына сәйкес Алматының ЖАӨ 8 трлн теңгеге жеткен. 2009 жылы бұл көрсеткіш 3,175 млрд теңге болатын.

2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы республика бойынша рекордты көрсеткіш 33 % көлемінде салық жинады.

5 жылдың көлемінде 31 жаңа шағын стансадан құралған энергетикалық тізбек салынды. Осылайша қаланы электр энергиясымен қамту тұрақтандырылды. 2008 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта 118 шақырым жылу желісі, 500 шақырым электр желісі, 190 шақырым сумен қамту және кәріз желісі жаңартылды. Бұл апатты жағдайдың 32 пайызға азаюына септігін тигізді.

«Қалада тұңғыш рет ірі мәдениет нысаны «Алатау» киноконцерт залы, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині, «РИтц Карлтон», «Риксос», «Ройал Тюлип», «Есентай Мол», «Достық плаза», Мега орталығы салынды. Қазір Универсиада нысандарының құрылысы басталды.

Алматыда 28 жолайрығы жұмыс істеп тұр. 7 магистралді көше ұңғыланды. 91 жерасты және жерүсті жаяу жүргінші жолдары салынды.

Сондай-ақ дат сәулетшісі Ян Гейлдің бастамасымен «Аадамдарға арналған қала» тұжырымдамасы жүзеге асып келеді. Сайран көлінің жағасы күрделі жөндеуден өткізіліп, су тазалау құрылғылары салына бастады. Соңғы жылдары 120 мың шыбық отырғызылып, 39,5 мың кәрі ағаш оталды.

Азиада ойындарынан кейін Алматыда бірқатар халықаралық дәрежедегі ірі мәдени шаралар өткізілді.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының әкімі лауазымына бұрын «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген Бауыржан Байбек тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар