2008 жылдан бері Еуроодақ Орталық Азия елдеріне 750 млн. еуро бөлді - ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі П.Флор

Бұл туралы Брюссельде қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Патриция Флор айтты.
Еуропалық дипломат Еуроодақ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту деңгейіне қанағаттанатынын білдірді. Оның айтуынша, 2007 жылы мақұлданған Орталық Азия бойынша ЕО Стратегиясы Еуроодақ пен орталықазиялық аймақ мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың әртүрлі бағыттарын дамыту үшін негіз қалауға мүмкіндік берді, соның ішінде экономика, білім беру, шекараны қорғау, есірткі ағынымен күрес және басқаларды қоса алғанда, қауіпсіздік салаларында көптеген игі істер атқарылды. «Бүгінгі күні бұл өте ауқымды ынтымақтастық, өзара іс-қимылдың осы деңгейі болашақта да сақталады деген үміттемін», - деді П.Флор.
ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің айтуынша, Орталық Азия Еуроодақтың басты әріптесі, сондықтан да еуропалық тарап саяси, экономикалық және мәдени салалардағы қатынастарды тереңдете түспек. 2008 жылдан бастап - Еуроодақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясын жүзеге асыру басталғаннан бері - ЕО осы аймақ елдеріне 750 млн. еуро қаржы бөлді. «20104-2020 жылдарға арналған жоспарда да осы елдерді қаржыландыру кемінде бұрынғы деңгейден төмен болмайды деп сенім білдіремін», - деп түйіндеді П.Флор.