2009 жылы Қазақстанның банк жүйесі толығымен тұрақтандырылды, салымшылардың алаңдамауына болады - Премьер-Министр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың басында Үкімет Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын қадағалау агенттігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен қаржы жүйесін қадағалау мақсатында айтарлықтай қатаң шешімдер қабылдады. «Соның нәтижесінде, банк жүйесі толығымен тұрақтандырылды. Банктердің сыртқы қарыздары айтарлықтай қысқарды», деді Үкімет басшысы.
К. Мәсімовтің айтуынша, БТА, Альянс және Темір банк сынды үш проблемалы банктер бойынша сыртқы кредиторлармен келіссөз жүргізуші команда приципті шешімдерге қол жеткізе алды. Альянс банктің сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау бойынша 100 пайыз шешім қабылданды. БТА мен Темір банк бойынша принципті келісімдерге қол жеткізілді. Ендігі жерде заңдық процедуралардан өту ғана қалды. «Тұтастай алғанда осы үш банк бойынша, мен цифрларды қоғамдап айтып отырмын, 15 млрд. доллар қарыздың 10 млрд. доллары шығынға жазылатын болады. 5 млрд. доллар қарыз қалады», деді К. Мәсімов.
Осы орайда Үкімет басшысы 2009 жылы әлемдік қаржы жүйесі қазақстандық банк жүйесінің мығымдығын сынағанын айта келе, бұл сыннан еліміздің банк жүйесі сүрінбегендігін атап көрсетті.