2010 жыл біздің еліміз үшін ерекше. Бұл үдемелі индустриялық бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші жылы - Елбасы
«Бұл күнтәртібіндегі ең қажетті идея болып табылады. Сондықтан да, барлық қазақстандықтар және барлық атқарушы органдар мұны басты міндет деп санаулары керек. Бұл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына жасайтын тартуымыз болмақ», деді Н.Назарбаев.
Жалпы алғанда, Елбасы аймақтарда атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық білдірді. «Мен Жамбыл облысына және Шымкентте индустрияландыру бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын көру үшін келдім. Жамбыл облысында біраз істер атқарылған - минералдық тыңайтқыштар өндірісі, химия саласы іске қосылған. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша 19 жоба жүзеге асырылуда, көптеген жұмыс орындары ашылуда, сондықтан да мен әкім Қанат Бозымбаевтың жұмысын жоғары бағалаймын. Қысқа ғана уақыттың ішінде көп іс атқарылған, әсіресе, Тараз қаласын абаттандыру және тазарту тұрғысында, сондай-ақ жастарға да көп назар аударылып отыр», - деді Елбасы өз сөзінде.
«Оңтүстік Қазақстан облысының атқарушы билігінің жұмысына да оң баға беремін. Әкім Асқар Мырзахметов те, оның аудандар мен қалалардағы әріптестері де алдарына қойылған міндеттерді орындап жатыр, олар өте белсенді, жаңашыл мазмұнда жұмыс істеуде. Мен ризамын. Шағын және орта бизнес Оңтүстік Қазақстан дамытып отырғандай дамуы керек. Бізге қазір 20 мың адам жұмыс істейтін алпауыт кәсіпорындар емес, 20-30-50 адам еңбек ететін кәсіпорындар керек», - деді Н.Назарбаев өз сөзінде.
Елбасы өз сөзінде, өнімдерінің 90 пайызын кішігірім кәсіпорындар шығарып отырған Германияны мысалға келтірді. «Германия сондықтан да экономикалық дағдарыстан аса қиналмай өтті. Ондай өндірістерде 50 адам жұмыс істейді, егер өнімдері өтпесе, кәсіпорын өнімін өзгертеді. Алпауыт кәсіпорындар олай ете алмайды, ал шағын кәсіпорындарға тән икемділік өте маңызды»,- деп санайды Нұрсұлтан Назарбаев.
«2010 жыл біздің еліміз үшін ерекше жыл. Бұл үдемелі индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып отырған бірінші жыл. Дәл осы жылы біз еліміздің барлық дерлік өңірінде индустриялық дамудың қуатты қорын жасап отырмыз», - деп атап көрсетті Елбасы (ескерту - Ақорда сайтынан алынған ақпаратпен толықтырылды».