2010 жылдың қаңтарынан бастап тауар биржалары Акционерлік қоғам ретінде жұмыс істеуі тиіс - Индустрия министрлігі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылғы мамырдың 4-і күні ҚР Президенті Н.Назарбаев «Тауар биржасы туралы» жаңа Заңға қол қойып, оның мәтінімен танысу үшін кәсіпкерлерге алты ай мерзім берген болатын. Мерзімнің аяқталуына байланысты, алдағы қарашаның 7-сі күні елде «Тауар биржасы туралы» жаңа Заң жұмыс істей бастайды.
«Заң Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Себебі, цемент не бидайға бағалар күрт өскен кезде біз биржаларды еске ала бастаймыз. Ал 1995 жылғы ескі Заң бұл мәселелерді шешкен жоқ», дейді ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев.
Оның айтуынша, егер бұған дейін тауар биржалары коммерциялық емес ұйымдар болып келсе, жаңа Заңға сәйкес олар Акционерлік қоғам ретінде жұмыс істеуі тиіс. Бұл міндет 2010 жылғы қаңтардың 1-нен бастап талап етілетін болады.
«Нарықтық экономиканың мұндай инструменті Қазақстан үшін аса қажетті уақытта қабылданып отыр. Биржа көлеңкелі экономикадан стратегиялық тауарларға бағалардың ашық қалыптасуын және кәсіпкердің биржаға тікелей шығуына мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.
Айта кетейік, қазір нарықта жалғыз Акционерлік қоғам - «Еуразия сауда жүйесі» жұмыс істейді. Қазір тіркеуде барлығы 26 тауар биржасы бар, бірақ оның тек 9-ы ғана тұрақты жұмыс жасайды.