2011 жылы 104 колледж индустриялық жобалардың базалық оқу орындары болып анықталды

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - 2011 жылы Қазақстан Үкіметі әлеуметтік жаңғыртудың негізін салуға бағытталған Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды.
None
None

Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі жетілдіріліп жатыр, бұл - елді индустрияландыру қажеттілігінен туындаған іс-шара, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен Pm.kz сайтына.

«2011 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін 104 оқу мекемесі индустрияландырудың әрбір жобасы үшін базалық болып анықталды», - деп атап көрсетіледі ведомство ақпаратында.

Бизнесті техникалық және кәсіптік білім беруге тарту Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында айқындалғанын айта кету керек.

Оған қоса, кәсіптік-техникалық білім берудің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстанда кадрлар даярлау мен қайта даярлайтын төрт өңіраралық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, Атырау қаласында мұнайгаз саласы үшін кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Екібастұздағы отын-энергетикалық саласында техникалық және қызмет көрсету еңбегі үшін және Өскемен қаласында машина жасау саласы үшін кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтардың құрылысы жалғасуда. Ағымдағы жылдың қараша айында Шымкент қаласында өңдеуші өнеркәсіп саласы үшін өңіраралық орталықтың құрылысы басталды.

«2015 жылға қарай кәсіптік-техникалық білім беретін мемлекеттік оқу мекемелерінің 75 пайызы заманауи оқу-өндірістік және технологиялық құрылғылармен, сондай-ақ ақпараттық технологиялармен жаңадан жабдықталады. Бұл мақсаттар үшін 11206,2 млн. теңге жұмсау көзделген. 2011 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2283,2 млн. теңге жұмсалды», - деп атап көрсетіледі министрліктің ақпаратында.

Сондай-ақ, Қазақстанда 147 кәсіби стандарт дайындау жұмысы басталғанын айта кеткен жөн. 2010 жылдың өзінде-ақ 65 мамандық бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты дайындалды, 720 пән бойынша типтік оқулық бағдарлама, сондай-ақ бірнеше біліктілік бойынша бір мамандық алу үшін 39 модульдік бағдарлама әзірленді.

«2011 жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 122 мыңнан астам түлегіне (немесе 100 пайыз) біліктілік берумен қатар 150 мамандық бойынша кәсіби дайындық деңгейлеріне бағалау жүргізілді. Бағалау нәтижесі бойынша 86 924 (немесе70,9 пайыз) түлек сынақтың бірінші сатысынан-ақ біліктіліктерін дәлелдеді», - деп хабарлады министрліктен.

Қазақстанда құрылған «Кәсіпқор» холдингі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында әлемдік деңгейдегі колледждер құрумен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне корпоративті басқарудың озық әдістері мен үлгілерін енгізуді қолға алатын болады.

Соңғы жаңалықтар