2012-2013 жылдары Ақтау қаласында тәулігіне 12 мың тонна тазартылған су өндіретін тұщытқыш қондырғылар салынады
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейнебайланысқа шыққан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы Владимир Школьник мәлім етті.
«Қазіргі күні біз Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі аудандарды тәулігіне 65 мың тонна тазартылған сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Дегенмен, қуат жеткіліксіз. Өйткені Ақтау және оның аудандарының су тұтынуының өсім қарқыны жылына 4 пайызды құрайды. Осыған орай, ағымдағы жылы біз қуаты тәулігіне 12 мың тонна су тазартуға жететін қосымша көлбеу-үлдірлі қондырғының құрылысын бастаймыз. Олар кезегімен 2012 және 2013 жылдары салынып, су тапшылығы жойылады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, облыста сумен қамтамасыз ету дегенмен де, өте өзекті болып отыр. Оны шешудің екі жолы бар. Біріншісі - су тұщытқыш қондырғылар салу, екіншісі - жаңа Астрахан-Жаңаөзен су құбырын тарту.