2012 жылдың желтоқсанына дейін АҚШ тарапынан Қазақстанға 4,5 млн. доллар сомасында көмек көрсету жоспарлануда
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов осылай мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, келісімге сәйкес, АҚШ Қазақстанға денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау, сауда және басқа да салаларда техникалық жәрдем көрсетуді көздеп отыр. «20 жылдық ынтымақтастық барысында Қазақстанға шамамен 900 млн. АҚШ доллары сомасында жәрдем көрсетілді. Ал 2012 жылдың желтоқсанына дейін АҚШ тарапы 4,5 млн. доллар сомасында Қазақстанға көмектер көрсетуді жоспарлауда», - дейді М. Құсайынов.
Оның сөзіне қарағанда, келісім АҚШ-тың техникалық көмек көрсететін үкіметтік және жеке ұйымдары үшін салық, кеден және басқа да жеңілдіктер мен преференцияларды қарастырады. АҚШ-тың жеке ұйымдары аталған келісімде қарастырылмаған өзге шараларды жүзеге асырса, онда бұл ұйымдарға Қазақстан заңнамасына сәйкес салықтар салынатын болады. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі отырыс барысында Сенат аталған заңды қабылдаған болатын.