16:27, 18 Сәуір 2013 | GMT +5
2012 жылы Алматы облысында бюджетке туризмнен түскен қаржы 3 миллиард теңгеден асты
АЛМАТЫ. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы облысының инфрақұрылымы қазір туристердің үлкен ағынына дайын емес. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов бүгін Алматыда өткен Жетісу өңіріндегі туризмнің тартымды мүмкіндіктері туралы баспасөз мәслихатында айтты.
«Туризмді дамыту Алматы облысында тек соңғы жылдары ғана қолға алынып жатыр. Әрине ол үшін қажетті инфрақұрылымды жасау керек. Ал ол жолдан басталады. Сондықтан биыл Алакөлге баратын жолды жөндеуге қаржы бөлдік. Қазір ондағы жолдың 55 пайызы жүргізілген. Енді сондай-ақ Түрген жолына да жөндеу жұмысы басталады. Ал Көлсайға баратын жолды жасау 2014 жылдың жоспарына енеді», - дейді С.Мұқанов. Оның айтуынша, биыл облыс әкімдігінің құрылымында туризм басқармасы пайда болмақ. Қазір республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жолдардың бәрі жоспарға енген.