2012 жылы салықтық есептілік формалары былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға қысқартылды

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат -  2012 жылы салықтық есептілік формалары 2011 жылмен салыстырғанда 40 пайызға қысқартылды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада «Бизнес пен билік. Кеден одағы жағдайындағы салық салу мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында Қаржы министрлігі салық комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Теңгебаев мәлім етті. 

«Мемлекет басшысының салықтық есептілік түрлерін оңтайландыру мәселелері бойынша жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында біз бірқатар шараларды қолға алдық. Әрине, бұл үлкен өзекті мәселе әрі келешекте де өзектілігі солай болып қала береді. Бұл ретте біз 2012 жылы 2011 жылға қарағанда ұсынылатын салықтық есептілік формаларын 40 пайызға дейін азайтып отырмыз. Осыған орай тек салықтық есептілік түрлері ғана емес, оған қосымша ұсынылатын мәліметтік талаптар да қысқартылып отыр», - дейді А. Теңгебаев.  Оның айтуынша, 2013 жылы салықтық есептілік түрлерін 2012 жылға қарағанда тағы да 30 пайызға төмендету жоспарланады.

«Осылайша алдағы уақытта салықтылық  есептілік формаларында ең қажетті ғана мәліметтер ұсынылатын болады.  Бұл кәсіпкерлер үшін де тиімді болмақ», - деді төраға орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, салық салу мәселелеріне арналған жиынды Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы  «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасымен бірлесіп ұйымдастырған болатын. Шара барысында кәсіпкерлер салық мәселесіне қатысты сұрақтарына тікелей салық қызметкерлерінен жауап алды.

Соңғы жаңалықтар