2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына 112 мыңнан астам қазақстандық қатысатын болады

АСТАНА. 29 ақпан. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықты жұмыспен қамту Бағдарламасын ауқымды түрде жүзеге асыруға көшу керек
None
None

деген міндет қойды. 2012 жылы аталмыш бағдарламамен 112 мыңнан астам қазақстандықты қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды pm.kz сайты.

«Менің тапсырмам бойынша Үкімет халықты жұмыспен қамтуға бағытталған түбегейлі жаңа бағдарлама бекітті. 2011 жылы Бағдарлама ілкі жоба ретінде іске қосылып, 60 мыңға жуық адам қатысушы атанды. Барлық дайындық жұмыстары, заңнамалық базаға қатысты жұмыстар аяқталды. Енді осы маңызды бағдарламаны іске асыруға көшу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып ағымдағы жылы осы бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыруды қолға алуды тапсырамын», - деп мәлім етті Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Бұл бағдарлама ең алдымен, халықтың тұратын жері бойынша оқуға, жұмысқа орналасуға, өз ісін ұйымдастыруға көмектесуді, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, олардың экономикалық белсенді өңірге өз еркімен қоныс аударуына көмектесуді көздейді.

Қазақстанда 204 халықты жұмыспен қамту орталықтары құрылған. 2011 жылдың 1 шілдесінен бері  аймақтық орталықтарға 68 мың қазақстандық жүгінген. Бұлардан бөлек, «Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасы бойынша 38,5 мың адам жұмыс тапса, соның ішінде 6 289 адам базадағы бос жұмыс орындарына қосымша оқусыз жұмысқа орналасқан.

2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасына 112 мың қазақстандық қатысады деп күтілуде.

І бағыт аясында 64032 қазақстандық кәсіби оқумен қамтылады. 16 260 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, 9 977 адам жастар тәжірибесіне жолдама алады. Бағдарламаның ІІ бағыты бойынша 6543 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтіп, бағдарламаға қатысушы 6912 адам шағын несиелер алады.

ІІІ бағыт бойынша бағдарламаға қатысушы 14,7 мың адамға қызметтік тұрғын үй салу үшін 8 994,5 млн. теңге, қызметтік тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым орнатып, дамыту үшін - 1 780,8 млн. теңге бөлу көзделген. Сонымен қатар, 12 878 адамның қоныс аударуына субсидия төлеу үшін 230,9 млн. теңге бөлініп отыр.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы бағдарламаны жетілдіру бойынша бірқатар шаралар қолға алынатын болады.

Атап айтсақ, Елбасының тапсырмасын орындау үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар, жұмыссыздар және тұрмысы нашар халықпен бірге, жалдамалы жұмысшыларға да қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру көзделген. Және де, қазіргі ережелер бойынша Бағдарлама аясында шағын несиелерді тек ауыл тұрғындары үшін ғана беру  жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс орталықтарынан басқа қала тұрғындары үшін шағын несие беру туралы ұсыныс айтылуда.

Ауылдарда жұмыс орындарын ашу үшін ауылды елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық ифрақұрылым нысандарын жөндеу, ауылдарды абаттандыруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру арқылы бағдарламаға жаңа төртінші бағыт енгізу ұсынылуда.

Осы және өзге де шараларды жүзеге асыру ағымдағы жылы Бағдарламаның кең ауқымда іске асуына мүмкіндік береді. Жоспарланып отырғандай, бағдарлама аяқталатын 2012 жылдың соңына қарай 1,5 млн. қазақстандық сапалы жұмыс орындарында қызмет істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар