2013-2015 жылдары Қарағанды облысындағы моноқалаларды дамытуға 42 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған

«Облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов бүгін аумақтар мен моноқалаларды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру барысы қаралған селекторлық кеңес өткізді. Аталған мәселелер бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Азамат Мұқанов пен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ерлан Өтешов баяндама жасады», - делінген хабарламада.
Қарағанды облысында «Аймақтарды дамыту» бағдарламасының аясында 2012 жылы 39,1 млн. теңге бөлінген еді. «Аталған қаражат көшелерді жарықтандыруға және көгалдандыруға, қоқыс шығаруға, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жоюға, жылы беру жүйесін жөндеуге, балалардың ойын алаңдарын жабдықтауға жұмсалды. 27 елді мекенде барлығы 33 жоба іске асырылды», - деп атап өтілді хабарламада.
Кеңесте атап өтілгендей, 2013 жылы бұл бағдарлама бойынша облысқа білім, денсаулық, мәдениет, спорт, сумен жабдықтау, газбен жабдықтау нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуді қаражаттандыруға 232 млн. теңге бөлінеді. Бұдан басқа, көшелерді көгалдандыру және жарықтандыру, қараусыз қалған нысандарды бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен мал қорымдарын орналастыру, балалардың аулалық ойын алаңдарын орнату, ауыл ішіндегі жолдар мен көпірлерді жөндеу, қараусыз қалған гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және тағы басқасы қарастырылуда.
Билік өкілдерінің ақпаратынша, «Аймақтарды дамыту» бағдарламасымен алдағы жылы 190 ауылдық округ қамтылады.
«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша биылғы жылы облысқа 38 жобаны іске асыру үшін 2,2 млрд. теңге бөлінді, деп атап өтті облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
«Бағдарламаның екі бағыты бойынша 2013-2015 жылдары Қарағанды облысы үшін 41,9 млрд. теңге көлемінде мақсатты трансферттер қарастырылған. Бұл қаражат тұрғындардың жұмыспен қамтылуының оңтайлы құрылымын қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Моноқалалардың кешендік жоспарларына 30,3 млрд. теңге сомасына бірқатар ірі жобаларды іске асыру кіргізілген», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, республиканың моноқалаларының тізіміне Қарағанды облысының 8 қаласы енген.