2013 жыл Австрияда Қазақстанның мәдениет жылы болып жарияланды
Кеш Австрияның белгілі сазгері Иоганн Штраустың «Жарқанат» опереттасымен ашылды. Бұл шығарма алғаш рет 1874 жылы Вена қаласындағы «Ан дер Вин» театрында орындалып, күні бүгінге дейін осы елдің репертуарынан түспей келеді. Бұдан басқа, Малердің «Адажиеттосы», «№100 Симфония», сондай-ақ композитор Юлия Пургинаның «Виола Концерто» шығармасы шырқалды. Дирижер - Роланд Фрайзитцер. «Ертең Австрия Республикасының ұлттық мерекесі аталып өтеді. Бұған қоса, биыл Қазақстан мен Австрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай біз бүгін Астанада мерекелік концерт ұйымдастырдық», - дейді Австрия республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Вольфганг Баняй. Елшінің айтуынша, келесі жылы Австрияда «Қазақстанның мәдениет жылы» өтсе, 2014 жылы Қазақстанда «Австрияның мәдениет жылы» іс-шарасы ұйымдастырылатын болады.