10:39, 05 Маусым 2009 | GMT +5
2013 жылы Көмірсутегі тасымалдаудың қазақстандық каспий жүйесі іске қосылады
БАКУ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Бакуде өткен «Каспий мұнай-газы» халықаралық конференциясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин мәлім еткендей, Көмірсутегі тасымалдаудың қазақстандық каспий жүйесін құру жобасының жұмыстарына қазіргі уақытта Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кеніштерінен топтар қосылып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қ.Қабылдиннің айтуынша, ККСТ жобасы 2013 жылы аяқталады, ал қазіргі уақытта жобаның техника-экономикалық негіздемесі талқылануда. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінен батысқа қарай мұнай экспорттауға арналған бұл жүйе 2012 жылға қарай беріледі деп жоспарланған болатын. Fineko агенттігінің хабарлауынша, Орталықазиялық экономикалық ынтымақтастық (CAREC) бағдарламасы мемлекеттерінің аймақтық ынтымақтастық стратегиясына қосылған ККСТ жобасының капиталдық шығындары экономикалық секторда 2,2 миллиард долларға бағаланып отыр (бұл әрқайсысының құны 70-80 миллион доллар тұратын танкерлерді есептегенде). Капиталдық шығынды Қазақстан мен коммерциялық көздер теңдей -1,1 миллиард доллардан өтейтін болады. Жоба ұзындығы 729 шақырымдық және жылдық қуаты 23 миллион тонна мұнайды құрайтын «Ескене-Құрық» мұнай құбырын, Құрықтағы мұнай құятын терминалды, Әзірбайжандағы «Баку-Тбилиси-Жейһан» құбырына дейінгі аралықтағы танкерлермен мұнай тасымалын қамтиды. Мұнай құбырының құны - 1,3 миллиард долларға, ал терминал құны 500-600 миллион долларға бағаланып отыр.