2014 жылға қарай су, жылу және электрмен жабдықтаудағы барлық нормадан тыс шығындар алынып тасталады

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлім етті.
Агенттік жоспарына инвестициялық жобалар әзірлеу арқылы нормадан тыс шығындарды оңтайландыру кіріп отырғандығын айтқан ол «біз барлық субъектілерге инвестициялық бағдарламалар әзірлеуді міндеттедік. Инвестициялық бағдарламалар бекітілмей біз тарифтік өтінімдерді қарамаймыз. Бұл субъектілерді нормативтік шығындарды төмендету мәселесімен айналысуға итермелейтін шара», деді.
Сонымен қатар аталған ведомствоның инвестициялық бағдарламасы аясында монополиялық нарықтағы субъектілермен нормативтік шығындардың төмендеуіне түрткі болатын техникалық іс-шаралар қарастырылуда. Оның атап өтуінше, сумен жабдықтау және кәріз саласына шамамен 3 триллион теңгеден астам инвестиция қажет екен. Бұл орайда қаржыландыру көзі ретінде ел бюджетімен қатар жергілікті бюджет қаражаттарын да тарту көзделіп отыр.