2015 жылға қарай Қазақстан армиясының келбеті едәуір өзгереді

Оған қазіргі уақытта жалғасып жатқан Қарулы Күштерді жетілдіру, оның сапалық көрсеткіштерін жақсарту жолымен қол жеткізіледі. Бұл туралы Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Қытайға жасаған жұмыс сапарының барысында мәлім етті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
- Біз ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және әскери күштер мен құралдарды жедел орналастыруға қабілетті кәсіпқой армия құру жөніндегі Елбасы алға қойған стратегиялық міндетті жүзеге асырудамыз. Және әріптестеріміздің қолдауынсыз, сондай-ақ шетелдердің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін зерттеусіз ол міндеттерді орындау мүмкін емес, - деп атап көрсетті Ә.Жақсыбеков Қытайдың ұлттық қорғаныс министрі генерал-полковник Лян Гуанлемен және Орталық әскери кеңес төрағасының орынбасары генерал-полковник Го Босюнмен болған кездесуде.
Сапар барысында Қазақстан мен Қытайдың қарулы күштерінің арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары - қазақстандық әскери қызметкерлерді Қытайдың әскери оқу орындарында оқыту, әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Тәуелсіздік алған жылдары көрші елдің әскери арнайы оқу орындарында 65 қазақстандық азамат білім алса, бүгіндері 10 өкіліміз біліммен сусындауда. Әділбек Жақсыбеков осы мәселе бойынша толықтай қолдау көрсетіп отырған Қытай Халық Республикасының басшылығына, сонымен қатар осы елдің қорғаныс министріне алғысын жеткізді.