2015 жылы Ақтөбе облысында Индустрия картасының 5 жобасы жүзеге асырылады
Қазіргі кезде Ақтөбеде Индустрияландыру картасының аясында 2015-2017 жылдары іске қосу көзделген жалпы сомасы 9,3 млрд. теңгені құрайтын, 659 жаңа жұмыс орны құрылатын 10 жоба іске асырылуда.
2015 жылы 5,1 млрд. теңгеге 5 жобаны аяқтау және олардың базасында 220 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бір жоба - «Каспий плюс» ЖШС-нің анкер тіреуіштерін, пластик өндірісі, металл өңдеу ісін кеңейту бірінші жартыжылдықта іске асырылған.
2015 жылдың тамыз айында «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС макарон фабрикасын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Фабрика макаронның 38 түрін халықаралық сапа стандарттарымен шығармақ.
«ЕуразМеталлКомпани» ЖШС бастамашылық жасаған тау-кен, көмір және құрылыс салалары үшін борлау шарларын шығаратын цех ағымдағы жылдың қыркүйегінде іске қосылуы тиіс.
Жылдың соңғы айында екі жобаны аяқтау жоспарланған. «ASBI SAT GROUP» ЖШС алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану арқылы темір-бетон бұйымдарының кеңейтілген өндірісін іске қоспақшы. Кәсіпорын «ҚТЖ ҰК» АҚ-ын, сондай-ақ республиканың құрылыс компанияларын жоғары сапалы теміржол шпалдарымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, «Айс-плюс» ЖШС сүт кәсіпорны ондағы жаңғыртудан кейін жаңа өндірістік қуаттылықтармен толығады.
Қалада қосымша түрде Индустрияландыру картасынан тыс, бірақ маңызды болып табылатын жобалар да қолға алынды. Атап айтқанда, «Ника-99» ЖШС жылыжай кешенін, «ЭкоВторТехРесурс» ЖШС көлік шиналары және резеңке-техникалық бұйымдарын пайдалану цехын іске қосылса, «Айбек» ӘКБ ет-қалбырлау цехын кеңейтпек.