2015 жылы металл өнімдерінің өндірісі мен экспорты 2 есе ұлғаяды - Индустрия және сауда вице-министрі

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Күз 2009 Ұлттық бизнес форумында» айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алғашқы кезде ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін шағын көлемдегі өндіріс керек. Қосымша құны жоғары өнімдер аралас салалардың дамуына түрткі болады. Осы арада тау-кен металлургия өндірісінің экспорттық-импортық құрлымына көз жүгірткен жөн шығар. 2008 жылы импорт 6,607 миллиард доллар, ал экспорт - 13,214 миллиард доллар болды. Тау-кен металлургия өнеркәсібі импорты негізінің 6259,8 миллион долларын металл өнімдері, 347,5 миллион долларын кен құрады. Сол себепті Елбасы 2015 жылы металлургия өндірісі мен экспортын 2 есе және өңдеуді тереңдету арқылы қосымша құны жоғары өнімдерді 107 пайызға ұлғайтуға тапсырма берді», дейді Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Исқалиев.
Оның айтуынша, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін тау-кен металлургия кешенін дамытудың аясында мынандай шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші - ресурстық базаны ұлғайту. Екінші - салалардың инновациялық дамуы. Үшінші - жоғары шектегі өнімдер өндіретін шағын және орта бизнесті дамыту. Төртінші - салалардың кадрлық потенциалын дамыту және қалпына келтіру.