12:10, 27 Мамыр 2016 | GMT +5
2016 жылы Қазақстанда FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық ашылады - Ә.Исекешев
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстанда FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық ашылады. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

«Дәстүрлі салаларға жаңа технологиялар ықпалының күшейе түсетінін ескере отырып, Индустрия 4.0 технологиясын енгізу және жаңа материалдардан, аддитивті технологиялардан және басқаларынан жаңа бағыттардың толық тізбесін инкубациялау үшін жетекші жаһандық ойыншылармен ынтымақтастық басталды», - деді министр.
Сонымен қатар ол осы жылы «бұлтты технологияларды», автоматтандыруды пайдалану арқылы американдық McKinsey мен Google компанияларымен бірге тау-кен металлургия саласында Бірлескен технологиялық құзірет орталығы құрылғанын атап өтті.
«Жыл ішінде американдық Materia компаниясымен жаңа материалдар және аддитивті технологиялар орталығы, сонымен бірге IBM компаниясымен FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық құрылады», - деді министр.