2017 жыл Елбасының жаһандық саясаттағы рөлі мен беделін айшықтай түсті -Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жыл Елбасының жаһандық саясаттағы рөлі мен халықаралық беделін айшықтай түсті. Мұндай пікірді бүгін ҚР Парламенті Сенатының осы жылғы соңғы отырысын қорытындылаған палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Бүгін біз осы жылдағы палатаның қорытынды отырысын өткіздік. Жалпы, үстіміздегі жыл мемлекет дамуының жаңа сатысына көшуге байланысты жүзеге асырылған жұмыстардың көлемі  мен қарқыны жағынан ерекше жыл болды. Елбасының тікелей бастамасымен  Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Президент өкілеттіктерінің бір қатарын биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтары  иеленді. Бүгінде еліміздің экономикалық және технологиялық жаңғыруының идеологиялық негізіне айналған Елбасының рухани жаңғыру тұжырымдамасын іске асыру бойынша нақты қадамдар жасалуда.  Биыл еліміздің абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі әлемнің назарын аударған «ЭКСПО-2017»  көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өтізілгенін мақтанышпен атап өтуге болады. Үстіміздегі жылы елордамызда Қазақстан Президентінің жаһандық саясаттағы рөлі мен халықаралық  беделін айшықтай түскен  ШЫҰ тарихи саммиті өтіп, Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана процесі басталды. Осындай маңызды шараларға толы жыл ішінде Елбасы белгілеген стратегиялық міндеттер аясында ауқымды және нәтижелі жұмыс атқарылды», - деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, сенаторлар Үкіметпен өзара тығыз байланыста жұмыс  жүргізіп, еліміз үшін өте маңызды болып табылатын    90-нан астам заң жобаларын мұқият қабылдады. Қабылданған заңдар негізінен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталды. Бірқатар заң топтамасы Елбасының үшінші сессияны ашу кезінде берген тапсырмаларын орындауға арналды.

«Атап айтқанда, Салық, Жер қойнауын пайдалану, Кедендік реттеу туралы кодекстер жаңа редакцияда қабылданды. Сонымен қатар еліміздің құқық қоғау қызметін жаңғыртуға, ақпарат және коммуникациялар саласы мәселелерін жетілдіруге арналған заңдар уақыт талабын сай пысықталды. Заң жобаларын Сенатта талқылау барысындағы қызу пікірталастардың нәтижесінде оларды біршама жақсартатын салмақты түзетулер енізілгенін атап өту қажет. Конституциялық реформалар нәтижесінде күшейтілген парламенттік бақылау пәрменін пайдалана отырып, Сенат қоғамды толғандырып жүрген өзекті тақырыптарға арналған бірнеше парламенттік тыңдаулар өткізді. Өткір мәселелер кеңінен талқыланған жиын барысында осы бағыттардағы жұмысты жандандыру бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты нұсқаулар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, сенаторлар еліміздің сыртқы саяси бастамаларын қолдау мақсатында халықаралық парламенттік ұйымдар мен құрылымдар аясында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. 

«Үстіміздегі жылдың Сенат үшін тағы бір ерекшелігі конституциялық талаптарға сәйкес палата құрамы жаңартылып, тәжірибелі мамандар және белгілі қоғам қайраткерлері келіп қосылды. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Парламентке берілген мүмкіншілктер салмағын терең сезіне отырып, сіздері алдағы уақытта заң жобаларымен жұмысты кәсіби жоғары жауапкершілікпен белсенді түрде жалғастыра беруге шақырамын. Тұтастай алғанда осы жылы Сенат конституциялық міндеттерін ойдағыдай атқарып шықты деп зор сеніммен айтуға болады», - деп түйді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар