2017 жылдан бастап жалпыға бірдей тегін кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асады - ҚР Президенті
«Бұл деген не? Бұл - ең алдымен қабылданған бағдарламалар аясында білім беру, денсаулық сақтау саласын жаңғыртуды жалғастыру дегенді білдіреді. Біз дәл осы салалардан ешқандай да үнемдемейтін боламыз. Өйткені, білім беру де, денсаулық сақтау салалары да - бұл біздің болашағымыз, бұл - біздің азаматтар. Сондықтан да, қазір, осы мінберде тұрып 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасы басталатынын жариялаймын», - деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, жобаға сәйкес, мемлекет әрбір адамға жеке мамандық беруді қолға алатын болады. «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұранысы бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер - мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы - жастар болашағы үшін», - деді Н. Назарбаев