2018 жылдан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы қалай төленеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2018 жылдан бастап зейнетке шыққан азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақталған ақша сомасы ай сайын бөлініп төленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазір зейнетақы жинағы салымшының қалауына қарай - айы сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет берілетін болса, енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы және кәсіби зейнетақы жарнасы ретінде жинақталған сома ай сайын төленіп тұрады.

Яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарынан зейнетке шыққан қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинақтарын ай сайын бөліп алатын болды.

«Бұл норма зейнетақы жүйесін жетілдіру үшін жасалды. Зейнетке шыққан салымшы БЖЗҚ қорындағы шотынан және мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алып тұрады. Ерікті зейнетақы жарналарының азаюына байланысты бұл төлемдер салымшыларға ай сайынғы кіріс болып қалады. Адамның қандай зейнетақы алатыны жинаған қаржысына байланысты болмақ», - деді БЖЗҚ Алматы бөлімшесінің директоры Нұрлан Әмренов.

Келешекте зейнетақыны БЖЗҚ-да жинақтаған ақшаларынан ғана алып отыратын қазіргі жастар тарапынан, ай сайын қанша алып отыратындықтарына қатысты көптеген сұрақтар түскен. Алматы филиалының өкілдері қазіргі жастар орташа есеппен қанша зейнетақы алып отыратындықтарын дөп басып айта алмады.

«20,30,40 жылдан кейін зейнетке шығатын адамдар үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жүйесінің шартты жинақтаушы компоненті қабылдануы тиіс. Бұл компонент бойынша жұмыс берушінің атынан 5 пайыз шартты түрде жіберіліп отырады. Қазіргі жастар қай жағдайда болмасын зейнетақы жинағы есебінен - міндетті және шартты түрде жинақтаған зейнетақы жарнасынан, зиянды жұмыстағылар міндетті кәсіби зейнетақы жарнасынан алып отыратын болады. Мемлекеттен берілетін базалық зейнетақы да сақталады», - деді директордың орынбасары Ақмарал Сәкенова.

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, салымшылар жинақтаушы зейнетақы қорынан ең төменгі зейнетақы көлемінің 30 еселенген мөлшерін  ғана ала алады.

БЖЗҚ Алматы бөлімшесінің бас маманы Жәмила Орманованың айтуынша, ҚР Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ төлемдерінен де 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы алынады. Резидент-жеке тұлғаларға ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері, яғни 293 503 теңгеге дейінгі сомаға салық төленбейді. Ал қалған сомадан 10 пайыз салық алынады.

«Резидент емес тұлғалар салықты өз сомаларынан төлейді. БЖЗҚ-ға ерікті зейнетақы жарналары мен аударымдардан салық ұсталмайды. Салық тек БЖЗҚ-дан ақша берілген кезде ғана алынады. Салық бойынша жеңілдіктер ҰОС ардагерлеріне, 1,2,3 топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне қарастырылған. Олар үшін салық алынбайтын сома ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшері (1 834 425 теңге) болып отыр»,- деді ол.

Зейнетақы төлемін уақытынан бұрын алуға рұқсат етілген тұлғалар да бар.

Ерікті зейнетақы жарнасын  салып келген 50 жастан асқан адам, шетелге тұруға кететін мүгедек адамдар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын ала алады.

Салымшы қайтыс болған жағдайда адамды жерлеуге қордан 52,4 АЕК есебінде төлем беріледі. Ал қалған сома мұрагерлікпен өтеді.

Соңғы жаңалықтар