11:27, 29 Тамыз 2017 | GMT +5
2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі мен зейнетақы тағайындау тәртібі қайта қаралады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы ең төменгі күнкөріс құрылымы мен зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қаралады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, республикалық бюджет шығыстары ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 134,6 млрд теңгеге артып, 2018 жылы 9 217,9 млрд теңгені құрайтын болады. Мұның ішінде банк секторын қолдауға арналған шығыстар есепке алынбаған.
«Шығыстар құрылымындағы ең үлкен үлес немесе 44,5 пайыз әлеуметтік сектор шығыстарына берілген. Ағымдағы жылмен салыстырғанда олар 400 млрд теңгеден аса өсіп отыр. Өсімнің негізгі құрылымы - зейнетақылар мен бала туғанда берілетін жәрдемақылар мөлшерінің ұлғаюы болып табылады. Мәселен, 2018 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс құрылымы мен зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр», - деді Б.Сұлтанов.