2020 жылға дейін неміс компаниялары Кендірлі курортында 4 қонақүй мен әуежай құрылысына 500 млн еуро қаржы жаратпақ

Бұл туралы ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев өзінің Facebook-тағы парақшасында мәлім етті.
Бұның алдында бірқатар БАҚ Кендірліге Германия кәсіпкерлері 30 млрд. еуроны құюға мүдделі екендіктерін xабарлаған, алайда министр оны жоққа шығарды.
"Кендірлідегі неміс инвесторлары туралы. Меніңше, 30 млрд еуро жаңсақ дерек, аударма кезінде қате кеткен болса керек. Шынымен Analoga GmbH, CESA Invest сияқты неміс компанияларының консорциумы Кендірлі курортына инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастыруда", - дейді Ә. Исекешев.
Бүгінде тек алғашқы келіссөздер өткен. Германиялық инвесторлар инвестициялық климатты және Қазақстанның заңнамасын зерттеуде.
"Бірінші кезеңде (2020 жылға дейін) консорциум 500 млн еуроны 4 қонақүй салуға, соның ішінде концессиялық келісімнің негізінде туристерге қызмет көрсететін шағын әуежай құрылысы да қарастырылған. Жалпы инвесторлар курорттың дамуын (10-15 жылдық мерзімде) өзіндік курорттық қалашық ретінде көреді. Үкіметтің, инвесторлардың нақты шешім қабылдауына біршама уақыт қажет", - деді министр Facebook парақшасында.