2020 жылға дейінгі қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де белсене атсалыспақ

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева бүгін Алматыда банктің 2011 жылғы қызметінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында осылай айтты.
«Елбасының тапсырмасы бойынша 2011 тұңғыш рет жүйеге қатысушыларға арнап тұрғын үйлер салына бастады. 2011 жылы 20 шақты қалада 70-тен астам тұрғын үй нысаны бой көтеріп, оның 9-ы іске қосылды. Қызылорда, Талдықорған қалаларында біздің сатып алушыларымыз қоныс тойларын да жасап үлгерді. Банк клиенттері қаржыларын жоспарлы түрде жинап несиесін пайдалана отырып нақты пәтерлерді сатып алуға мүмкіндік алды. Мұның бәрі 2020 жылға дейінгі бағдарламаның тұсаукесері десек те болады», - дейді Нұрбибі Серікқажықызы. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке 2020 жылға дейінгі қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды міндеттеген еді. 2011 жылы басталып кеткен тұрғын-үй құрылыс бағдарламасы енді осы құжатқа кіргізіліп, оны қаржыландыру көлемі ұлғаяды деп жоспарлануда. Сондай-ақ жас отбасыларға арналып пәтер салынатын болады. Осы үлкен іске Қазақстаның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі де белсенді түрде атсалыспақ.