24 тонна бензинді төгіп алған жүргізуші жанармай құю бекетінің иесіне 3,4 млн. теңге төлейтін болды - Павлодар
Іс материалдары бойынша, 28 жастағы Геннадий Кравчуков Баянауыл ауданына 24 тонна АИ-92 және 11,4 тонна жанар-жағармай материалын тасымалдаған. Алайда орта жолда тіркемесі бар «ДЖЕФАН FAW» автокөлігі жол апатына ұшырап, барлық сұйықтық далада төгіліп қалған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Сотта кәсіпкер жанар-жағармай материалдарының құны мен мөлшері көрсетілген жөнелтпе құжатын ұсынды. Өз кезегінде жүргізуші кінәсін мойындады. Бірақ ол жол апатына ұшырайтын күні қан тапсырғанын және жұмыстан босатылуға құқығы болғанын атап өтті. Дегенмен жұмыс беруші Г. Кравчуковтың қан тапсырғанын біле тұра тапсырманы кейінге қалдырмаған. "Павлодар қалалық соты жанармайдың сатып алу бағасы құжатта ұсынылған бөлшек сауда бағасынан бір миллион теңгеге арзан екенін анықтады. Бірақ кәсіпкер өзінің шығынын қосып, төрт миллион теңгеден аса қаражат сұраған. Еңбек кодексінің 165-бабы, екінші тармағына сәйкес жұмыскер кәсіпкерге келтірген қазіргі шығынды ғана қайтаруы тиіс. Сондықтан айыпталушыға сот шығынымен қатар 3,4 миллион теңгені төлеу міндеттелді. Қаулы заңды күшіне енді", - деп нақтылады баспасөз қызметінде.