3 қазан күні өтетін маңызды оқиғаларға шолу
Сонымен, 3 қазан күні таңертеңгі сағат 9.00-де Үкімет үйінде бас қосатын еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Министрлер кабинеті алдымен осы жылдың 9 айындағы инфляцияның деңгейіне қатысты мәселелерді қозғаумен қатар, оны осы жылдың соңына дейін белгіленген дәлізде тежеу жайын сөз қылады. Мұнан бөлек, электронды білім беру, кәсіпкерлік қызметті жетілдіру мәселелері де Үкімет мүшелерінің назарынан тыс қалмақ емес. Айта кетерлігі, Үкіметтің алқалы жиынынан кейін баспасөз өкілдеріне арналған арнайы мәслихат өтіп, онда отырысқа қатысты БАҚ өкілдерінің тарапынан туындайтын барлық сауалға тұщымды жауап беріледі.
Қазақстанның жоғары заң шығарушы органы да бұл күні үнсіз жатпақ емес.
Дегенмен, қос палатаның негізгі шаралары түс ауа белгіленген. Мәселен, сағат 15.20-да Парламенттің жоғары палатасының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасы үкіметі мен Өзбекстан Республикасы үкіметі арасындағы 2006 жылдың 20 наурызындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қозғалмақ.
Ал Мәжілісте сағат 15.00-де «Жер және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне ілеспе түзетулердің жобасы таныстырылмақ. Дәл осы мәселеге қатысты ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев негізгі баяндама жасаса, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов қосымша баяндамашы ретінде сөз сөйлейтіндігі күтілуде.
Президенттік, парламенттік және жергілікті әкімдерді сайлау өткеннен кейін біраз уақыт тыншыған еліміздің Орталық сайлау комиссиясы қызметін жан-жақты жандандыруды қайта алған сияқты. Бұл жолы комиссия ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында «Қазақстан Республикасында сайлау процестерін ұйымдастыру ерекшеліктеріне байланысты оқытуды одан ары жалғастыру үшін тренерлік корпусты дайындау» тақырыбында семинар өткізбек. Шара таңертеңгі 9.00-ден ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы орналасқан Абай 33 мекен-жайында өткізіледі деп межеленген.
Бұл күні ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының мұражайында да шара өтеді. Күндізгі сағат 15.00-ге белгіленген «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан» ғылыми жобасын жүзеге асыру және халықаралық ынтымақтастық аясында өтетін «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында бүгінгі күннің барлық саладағы өзекті мәселелері қозғалып, жан-жақты талқыға түсетін болады.
Мұнан бөлек, «Астана Опера» театрында аталған өнер ұжымының балет труппасының Оманға гастрольдік сапары қорытындыланып, бесінші театр маусымының ашылуы жайында сөз қозғалады. Театрда өтетін баспасөз мәслихатында өнер ұжымының басшысы Ғалым Ахмедияров, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова тілшілер қауымының барлық сауалына жауап береді.
Сағат 15.00-де Орталық коммуникациялар қызметінде «Грандфинал-2017» үстел теннисі бойынша халықаралық турнирдің басталуына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Айта кетерлігі, бұл спорт түрінен елімізде алғаш рет жарыс өтпек. Ал оған дайындық барысы жайында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Үстел теннисі федерациясының бас директоры Серік Қасқабасов және ұйымдастыру комитетінің мүшесі Бақытбек Хамит кеңінен мәлім етпек.