300-ден астам қазақстандық компания «ұлттық чемпиондар» болуға ниет білдірді
Айта кетейік, «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар - ұлттық чемпиондар» бағдарламасы биылғы көктемде бастау алды. Оны әзірлеу мен енгізу шаралары халықаралық сарапшылармен бірлесе жасалды. Қазан айының басында хабарланғандай, McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы мен «Бәйтерек» холдингінің сарапшыларынан құралған команда «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар - ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысушы компанияларды диагностикалау кезеңін аяқтады. Бағдарлама өңірлік және әлемдік деңгейдегі компанияларды қалыптастыру жолымен Қазақстанда бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес сектордың өндірісін құруға негізделген. Оның сөзіне қарағанда, «ұлттық чемпиондар» болуға 300 отандық компания ниет білдірген және олардың арасынан үздік 28-і іріктелінді. Осы компанияларды іріктеу кезінде өсім қарқыны оңтайлы компанияларға артықшылық берілді. «Қорытынды тізімге енген компаниялардың соңғы 3-4 жылда өсу қарқыны 10 пайызды құрады. Сонымен қатар біз компаниялардың бизнес-модельдерін ескердік», - деді Қ.Төлеушин. Қазіргі кезде 16 млрд. теңге сомаға сегіз компанияның қаржылық қолдауы мақұлданды. Бағдарламаға қатысушылар 3-5 жылда Қазақстанда бұрғылау жабдықтарының, трансформаторлар, үлкен автобустар өндірістерін іске қосып, сондай-ақ балалар тағамын, құрылыс материалдарын, майлы дақылдар өндірісі бойынша зауыттар және басқа да кәсіпорындар салады деп күтілуде. «Жалпы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2018 жылы іріктелінген 30-ға жуық компанияның жалпы түсімі 170 млрд. теңгеге ұлғаяды деп жоспарлануда. Осы орайда өнеркәсіптің өңдеуші саласында қосымша 5 мыңға тарта жұмыс орындары құрылып, өндірілген өнімдердің экспорты 35,5 млрд. теңгеге артады. Импортты алмастыру 66 млрд. теңгеге жоғарылайды. Бюджетке салық түріндегі түсім 24 млрд. теңгені құрамақ», - деді ол.