40-қа жуық мемлекет ЕАЭО-мен еркін сауда кеңістігін құрғысы келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің 40-қа жуық елі ресми түрде Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аумағын құруға қызығушылық білдіріп отыр. Бұл туралы «Президент, Парламент, Ықпалдастық» халықаралық конференциясы барысында Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин мәлім етті.
None
None

«Тағы бір тақырыпты қозғамай өтуіме болмайды. Достастықтың 5 мемлекеті Еуразиялық таңдау жасады. Әлемнің тағы қырыққа жуық елі біздің ықпалдастық бірлестігімізбен еркін сауда аумағын құруға ресми түрде ниет беріп отыр», - деп нақтылады ол.

Өз сөзінде Нарышкин, сондай-ақ, достастық құрамындағы бірқатар елдер сыртқы қысымның кесірінен Еуропалық одаққа қосылу үшін Еуразиялық экономикалық одаққа қосылудан бас тартып отырғанын алға тартты.

«Әлбетте, геосаяси таңдау - бұл кез келген мемлекеттің құқығы, алайда, саясаткерлер шешім қабылдауда барша халық пен ел құрамындағы барлық аймақтардың атынан олардың этномәдени, тарихи ерекшеліктерін, сондай-ақ, көрші мемлекеттердің негізгі экономикалық серіктестерінің пікірін ескере отырып қабылдаулары керек», - деді С.Нарышкин.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақпен әріптестік орнатып, еркін сауда кеңістігін құрғысы келетін елдер қатарынла Латын Американың бірқатар мемлекеттері мен Вьетнам және Қытай бар.

Ал, Қырғызстан мен Армения елдері болса жуық арада аталған одақ құрамына кіргелі отыр. Биылғы қазан айының басында Арменияның одаққа қосылуы туралы шарт бекітілді. 21 қараша күні Ресей үкіметі Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты мақұлдап қойды. Шарттың күшіне енуі Арменияның 2015 жылдың 2 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуын қамтамасыз етіп, мемлекетке шартқа қатысушы елдер нарығындағы кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.

Ал, Қырғызстан болса Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одаққа желтоқсан айының соңына дейін қосылуға ниетті. Бұл туралы Қырғызстан президенті аппараты сыртқы саясат бөлімінің басшысы Сапар Исақов мәлім етті. Оның айтуынша, қос одаққа қосылу туралы шартқа 2014 жылдың 23 желтоқсанында қол қойылуы тиіс.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 23 желтоқсанында Мәскеуде Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді екен. «Қырғызстан ол уақытқа дейін белгіленген «жол карталарын» бекіту бойынша барлық формальді рәсімдерді аяқтап, отырыс кезінде аталған интеграциялық бірлестікке 2015 жылдың 1 қаңтарында қосылу туралы Шартқа қол қоюды көздеп отыр», - деп мәлім етті С.Исақов «Внешная политика» басылымына берген сұхбатында.

Естеріңізге салайық, Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы шартқа ағымдағы жылдың 29 мамырында Қазақстан, Ресей және Белорусь елдерінің Астана қаласында қол қойылған болатын. Осынау салтанатты шараға Қырғызстан мен Арменияның президенттері де қатысып, өз елдерінің ЕАЭО-ға мүше болғысы келетінін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар