5,5 млн. жуық теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін бас есепші жеті жылға сотталды - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сырым ауданы прокуратурасы «Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК қызметіне тексеру жүргізген кезде бас есепші З.Рахметованың 5,5 млн. жуық теңге бюджет қаржысын жымқырғандығын анықтады.
None
None

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлімі «б» тармағымен (1997 жылғы редакцияда) тіркеліп, құжаттар ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментіне жолданған болатын.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бас есепші З.Рахметованың 2013-2014 жылдары кәсіпорынның «Қазпошта» АҚ БҚО филиалы Сырым аудандық бөлімшесіндегі есепшотынан 5 490 534 теңгені алу жолымен иеленіп, ысырап еткені белгілі болды.

Сырым аудандық сотының үкімімен З.Рахметова 5 жыл мерзімге материалдық жауапты қызметті атқару құқығынан айырылумен бірге 7 жылға бас бостандығынан айырылды. З.Рахметованың тәрбиесінде үш жас баласының болуына байланысты негізгі жазаны орындау ҚР ҚК 74-бабына сәйкес 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан прокурорының З.Рахметовадан сәйкесінше басқарма пайдасына 5 490 534 теңге және мемлекет есебіне 201 980 теңге процессуалдық шығын өндіру туралы талап-арыздары қанағаттандырылды.

Соңғы жаңалықтар