50 градус ыстыққа да қарамайды: Металлургтің бір күні қалай өтеді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Нұрғиса Серіков — Рудный қаласындағы «ERG Service» ЖШС-да үздіксіз болат құю машинасының операторы болып жұмыс істейді. Ол алты жылдан бері металлургиялық өндірістің негізгі цехтарының бірінде тер төгіп жүр. Kazinform тілшісіне сұхбат берген Нұрғиса жұмыстың ауырлығы мен ұжымның ауызбіршілігі туралы айтып берді.

Смена под 50 градусов – как проходят будни металлурга из Рудного
Фото: ERG Service

Машақатты жұмыстың маңызы зор

Үздіксіз болат құю машинасының операторы — металлургиялық зауытта арнайы жабдықты басқаратын жұмысшы. Оның негізгі міндеті — балқытылған металды қалыптарға дәл әрі қауіпсіз құйып шығу. Осылайша, ұзын металл құймалар алынып, кейін түрлі өндірістік өнімдерге айналады.

Бұл мамандық иесі температураны, металдың құйылуын, механизмнің жұмысын және дайындалған құймалардың сапасын бақылап отырады. Бұл ауыр әрі жауапкершілігі зор жұмыс. Себебі жұмыс өте ыстық температурада жүргізіледі. 

Нұрғиса Серіковтің айтуынша, бұл мамандық асқан зейінділікті, физикалық төзімділік пен ұжымда жұмыс істей алу қабілеттерін қажет етеді. 

— Машинаны болат құюға дайындап, құймаларды суыту процесін бақылаймын. Цехтегі жұмыс температурасы 45-50 градусқа дейін жетеді, әсіресе жазда қатты ысиды. Күндіз-түні, тәулігіне 12 сағаттан жұмыс істейміз, — дейді ол.

Смена под 50 градусов – как проходят будни металлурга из Рудного
Фото: ERG Service

Оператор 120×120 мм және 150×150 мм көлеміндегі дайындалған болат құймаларды үздіксіз бақылап, олардың салқындауын, кристаллизатордағы процесті және нақты өлшем бойынша кесуді қадағалайды. Мұның бәрі қырағылық пен қауіпсіздік техникасының қатаң сақталуын талап етеді.

— Әр ауысым алдында жұмысқа рұқсат аламыз. Шебер міндетті түрде нұсқаулық өткізеді. Барлық қызметкер жеке қорғаныс құралдарын киіп жұмыс істейді, атап айтқанда арнайы киім, көзілдірік, иекбауы бар каска. Қозғалмалы жабдықпен жұмыс істегенде қауіпті аймақтардан алыс жүруге міндеттіміз, — дейді Нұрғиса.

Смена под 50 градусов – как проходят будни металлурга из Рудного
Фото: ERG Service

Оның айтуынша, қауіпсіздік — өндірістегі ең негізгі басымдық.

— Бұл жерде бәрі қатаң бақылауда. Жиі тексерістер жүргізіліп, эвакуация мен алғашқы көмек бойынша жаттығулар өткізіледі. Әр қызметкер төтенше жағдайда не істеу керектігін нақты білуі керек. Бұл — құр сөз емес, өмірлік қажеттілік, — дейді металлург.

Кейіпкеріміз металлургия саласына кездейсоқ келген. Мұнда жұмыс істейтін ағасы оған ұсыныс жасап, бағын сынап көруге шақырған. Алғашында ауыр соққанын өзі де мойындап отыр.

— Алғаш келген күні-ақ «мен бұл жерде жұмыс істей алмаймын» деп ойладым. Себебі іші қатты ыстық, металл, шудан бас айналады. Бірақ үйреніп кеттім. Міне, осында жүргеніме алты жылдан асты. Бұл жұмыс жауапкершілік пен шыдамдылықты қалыптастырады, — дейді ол.

Смена под 50 градусов – как проходят будни металлурга из Рудного
Фото: ERG Service

Жаңадан келген қызметкерлер алдымен үш ай шәкірт болып жұмыс істейді. Кейін сынақтан өтіп, біліктілік дәрежесін алады.

— Бізде жоспар бар. Соған сәйкес тәулігіне 95 тонна дайындаймыз. Ай сайын 2500-2600 тонна аралығында өнім шығарамыз. Өндіріс үздіксіз: бір ауысым кетсе, екіншісі келеді. Бұл процесс тоқтамайды. Жыл сайын қауіпсіздік техникасы, биіктікте жұмыс істеу бойынша қайта даярлықтан өтіп отырамыз, — дейді ол.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Нұрғиса Серіков үшін тату, ауызбіршілігі мықты ұжымның бір бөлшегі болу — ең маңызды құндылықтардың бірі.

Смена под 50 градусов – как проходят будни металлурга из Рудного
Фото: ERG Service

— Біздің бөлімде алты адам бар. Бір-бірімізге сенеміз, үнемі қолдаймыз. Қиын сәтте көмектесеміз, кеңес береміз. Мұнда ұйымшылдық танытпасаң болмайды. Жұмыстан тыс кезде де жиі бас қосып тұрамыз. Табиғатқа шығамыз, мерекелерді бірге атап өтеміз. Бұл ұжымдық рухты нығайтады, ал сенімді серіктерің болса — кез келген қиындықты оңай еңсере аласың, — дейді ол.

Қарбалас жұмыстан қолы қалт еткенде Нұрғиса отбасымен бірге уақыт өткізіп, футбол ойнағанды ұнатады. Әуесқойлар арасындағы жарыстарға да қатысады. Сондай-ақ өзін дамытуға көңіл бөліп жүр. Техникаға қызығып, өндірістегі жаңа технологияларды қадағалап, жіті зерттеп жүреді.

— Адам бір орында тұрып қалмауы керек. Неғұрлым көп білсең, жұмыста да, өмірде де соғұрлым өзіңді сенімді сезінесің, — дейді металлург.

Смена под 50 градусов – как проходят будни металлурга из Рудного
Фото: ERG Service

Алдағы уақытта металлургия саласындағы білімін тереңдетіп, оқуын жалғастыруды да жоспарлап отыр.

Еске салсақ, осыған дейін ұлытаулық металлургтер Мемлекет басшысының атынан марапатталғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар