500 мыңнан астам адамның қатерлі ісік ауруынан көз жұмуына 2008 жылғы қаржы дағдарысы себеп болған

The Lancet медициналық журналында жарияланған мақаланың авторлары 2008-2010 жылдар аралығында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде ғана 260 мың қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқас экономикалық дағдарыс салдарынан ажал құшты деген тоқтамға келді. Олар жұмысынан айырылғандықтан, сонымен қатар бірқатар мемлекеттер әлеуметтік шығындарды азайту шешімін қабылдағандықтан тиісті медициналық көмек ала алмаған.
Баяндама авторларының есептеуінше, әлем бойынша қатерлі ісік ауруларына шалдығып, осындай қиындықтар салдарынан ажал құшқан адамдардың саны 500 мыңнан асуы мүмкін.
Зерттеушілер жұмыссыздық деңгейінің 1% ұлғаюы обыр дертімен ауыратын әр жүз науқастың 0,37-сі қайтыс болуына соқтыратынын анықтады. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығыстардың 1% азаюы онкологиялық ауруларға шалдыққан әр жүз адамның 0,0053-і қайтыс болуына себеп болады.
Зерттеу аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік банктің тұрғындарының жалпы саны 2 млрд адамды құрайтын 75 ел бойынша 1990-2010 жылдар аралығындағы мәліметтері сарапталды.