6 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 6 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік табиғи ортаны қорғау күні
1979 жылы Еуропада жабайы фауна мен флораны, жануарлар жайлаған табиғи ортаны қорғау туралы Берн конвенциясы бекітілді.
Қазақстанда есепшілер күні
Бұл мереке әзірге ресми мәртебеге ие болған жоқ. Бүгінде кез келген мекемені есепшісіз елестету мүмкін емес. Осы мамандық иелерінің үлесін ескеру үшін бұл күн бүгінде кеңінен атап өтіледі.
Қазақстанда қорғаныс өнеркәсібінің қызметкерлері күні
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылдың 31 қазандағы №689 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мерекелік даталар тізімінде бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Алматыда Азиялық тәуелсіз және плюралистік ақпарат құралдарын дамытуға ықпал ету жөніндегі ЮНЕСКО семинары өз жұмысын бастады.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия қорытындысы негізінде Қарағанды облыстық мәслихаты Осакаров, Жаңаарқа және Шет аудандары елді мекендерінің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Октябрь селосы - Қарағайлы, Литвиновка мен Красноармейский ауылдық округі - Есіл, Скобелев ауылдық округі - Сұңқар, Вольский - Сарыөзек, Пролетарский - Ақбұлақ болып өзгертілді. Жаңаарқа ауданының Аппаз ауылына Мұқажан Жұмажановтың, Шет ауданының Жарық теміржол стансасына Сәкен Сейфуллин есімі берілді.
2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында алғашқы жоғары кернеулі трансформатор шығарылды. Қуатты машинаны «Кентау трансформатор зауыты» АҚ жасап шығарған, олар бір жыл ішінде қуаттылығы 25000 кВА жоғары кернеулі трансформаторларды шығаратын жаңа цехты салды. Бұл - отандық энергетика саласындағы инновациялық жоба. Жаңа цех жетекші батыс фирмаларының жоғары технологиялық жабдықтарымен жарақтанған.
2010 жылы Семейде және Абай ауданында қазақтың ұлы ойшылы Абайдың 165 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті. Мерейтойлық Абай жылының ауқымында облыс орталығында көптеген әдеби және музыкалық жанрлар бойынша байқаулар, Абай оқулары, басқосулар, көрмелер, концерттер, көркемсөз оқушылар сайысы өтті.
2010 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымы саласында жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Заң осы саладағы қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
2010 жылы Таразда қаланың орталық мешіті - hибатулла әт Тарази жанында медресенің жаңа корпусы ашылды.
2011 жылы АЛЖИР-де тұтқында болған литвалық әйелдерге арналған ескерткіш тақтасы ашылды.
2011 жылы Вашингтонда беделді америкалық «Ядролық қауіп-қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қорының (NTI) 10 жылдығына орай ұйымдастырылған осы қордың наградаларымен марапаттау салтанатты рәсімі болды.
Марапатталғандар қатарында бірінші болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталды. Қордың бұл шешімі Н. Назарбаевтың ядролық қарусыздандыруға қосқан зор үлесін ескере отырып қабылданды.
2012 жылы Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінде ЖОО негізін қалаушылардың бірі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, Ұлы Отан соғысының ардагері Салық Зиманұлы Зиманов атындағы дәріс залы ашылды.
2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация форумына қатысты. Шара барысында Қордың трансформация Бағдарламасы ресми түрде таныстырылды.
2014 жылы қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова Дурбан қаласында (ОАР) жастар арасындағы әлем чемпионатында 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында алтын медальға ие болды.
65 үздік шахматшы мен 42 елдің чемпиондары Динараның қарсыласы болды. Алайда спортшы 11 ұпайдың 10-ын жинап үздік атанды.
2015 жылы Астанада «Еуразиялық экономикалық перспектива» IV Халықаралық форумы болды. Оған Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Армения, Қытай, Қырғызстан парламентарийлері, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелері, алдыңғы қатарлы университеттердің ректорлары, саясаттанушылар, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің кейбір өңірлерінің басшылары қатысты.
2016 жылы Астанадағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ әкімшілік ғимаратында «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ өкілдігі ашылды.
2016 жылы Қазақстанда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен министрліктің негізгі бағыттары ретінде: қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық айқындалды.
2017 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінің атауы Satbayev University болып өзгертілді.
2018 жылы 55-ші Анталия халықаралық кинофестивалінің марапаттау рәсімі өтті. Үздік әйел рөлі үшін жүлде «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямоваға берілді.
2018 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнесті құтқару қызметі» пилоттық жобасын іске қосты. Енді 1432 байланыс орталығына хабарласып, кеңес алуға немесе шағын бизнес субъектілеріне заңсыз тексерулерді тоқтатуға болады.
2022 жылы 30-дан астам үкіметтік емес ұйымдар мен партияларды біріктірген қоғамдық коалиция еріктілер, ардагерлер, спортшылар, депутаттар және әскери қызметкерлер Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне кандидат етіп ұсынды. «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов түрлі саяси-қоғамдық күштердің мұндай бірауыздылығы қоғамымыздың бірігуінің мүлде жаңа деңгейін көрсететінін атап өтті. Осының негізінде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы бірқатар консультациялардан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын халықтық коалиция құру туралы шешім қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам белсенділерінің ұсынысын қабыл алып, кезектен тыс президенттік сайлауға халықтық коалициядан бірыңғай кандидат ретінде қатысу ол үшін мәртебе екенін атап өтті.
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында каратэші Қайсар Алпысбай ең жоғары жүлдені жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта оған тең келер ешкім болмады. Алтын үшін белдесуде каратэші Азияның екі дүркін чемпионы кувейттік Абдулла Шаабанды тартысты тартыста жеңді.
2024 жылы Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтті. Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша, 2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық дауыс беруге 7,8 миллион адам (референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың 63,66%) қатысты. Қазақстанда атом электр стансасын салуды қолдап 71,12% (5,5 млн адам) дауыс берсе, 2 млн адам қарсы дауыс берген. Осылайша, дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс бергендіктен, референдумға қойылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі.