7-Қысқы Азия ойындарына арналған фотокітап жарыққа шықты

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - «7-Қысқы Азия ойындары Қазақстан тарихында» атты фотокітап жарыққа шықты.
None
None

Өткен желтоқсан айында шыққан кітап Қазақ жерінде тұңғыш өткен Қысқы Азия ойындарына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.

4 мыңнан астам фотосуреттен тұратын басылым 2 бөлімнен тұрады. Таралымы 1200 дана. Кітапта Қысқы Азия ойындарына дайындық, Эстафета Алауының Эль-Кувейттен Қазақстан жеріне жеткізілуі, Ойындардың Астана мен Алматы қалаларындағы салтанатты ашылуы мен жабылуы суреттер тілімен баяндалған.

Еске салсақ, 7-Қысқы Азия ойындарының қарсаңында өткен Олимпиада Алауының эстафетасы қысқы Азия ойындарының тарихында алғаш рет ұйымдастырылды. Азиада Алауы мыңнан астам алаугердің қатысуымен 20 күннің ішінде елдің барлық өңірін аралап шықты. Басылымның екінші томы толығымен алаугерлерге арналған.

Иллюстрацияланған кітаптан сондай-ақ, чемпиондарды, спортшыларды, танымал тұлғаларды, ұйымдастырушылар мен ойындар туралы төрткүл дүниеге ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдарын, жарыстар өткен бірегей спорттық нысандарды көруге болады.

Кітапты өзінің меншікті қаражатына Астанадағы «Ақарман-медиа» типографиясы құрастырып, басып шығарды. Типографияның бас директоры Әли Абай спортқа жастайынан жақын, оның бастамасымен бұған дейін де бірқатар ұлттық жобалар жүзеге асты. Солардың бірі 2009 жылы шыққан - «Қазақстан спортының тарихында тұңғыш рет: Олимпиада Алауының эстафетасы, ең олжалы олимпиада және Қысқы Азия ойындары» атты суретті кітап.

 «Бұл кітапты аша отырып, Азиада күндері қуанышқа бөлеген тамаша сәттерді еске аламыз. Президенттің, Үкімет пен Қазақстанның барша халқының қолдауы, мемлекеттің ұйымдастырылған менеджменті ұлттық құрамаларымыздың Азия құрылығындағы үлкен жеңісіне алып келді. Осы тарихи оқиға мен спортшыларымыздың жеңісі патриоттық рухты көтеріп, Отанға деген мақтаныш сезімді арттырды. Осының бәрін фотокітапта көрсетуге тырыстық», - дейді ол.

Сондай-ақ, басылымға елге еңбектері сіңген бірқатар қайраткерлердің Азия ойындары мен аталмыш кітапқа деген жылы лебіз-пікірлері енді. Олардың арасында Оралбай Әбдікәрімов, Нұртай Әбіқаев, Асанәлі Әшімов, Ермахан Ибраимов, Илья Ильин, Серік Қонақбаев, Талғат Мұсабаев, Айман Мұсақожаева, Қуаныш Сұлтанов, Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Өмірзақ Шүкеев және тағы басқалар бар.

Кітап алаугер болған мүмкіндігі шектеулі спорт ардагерлеріне, балалар үйлеріне тегін таратылды. Сондай-ақ оны «Ақарман-медиа» типографиясынан сатып алуға болады.

Соңғы жаңалықтар