9 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 9 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық фашизмге, нәсілшілдікке және антисемитизмге қарсылық күні
1938 жылғы қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түні Германияда «Хрусталь түні» болған. Бұл түні жүздеген еврейді өлтіріп, тағы 30 мыңдай адамды концлагерьге жөнелтті. Атаулы дата осы қаралы күнді еске алу үшін бекітілген.
Халықаралық ғылым және бейбітшілік апталығы
Алғаш рет 1986 жылы Халықаралық бейбітшілік жылы аясында аталып өтті. 1988 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық ғылым және бейбітшілік апталығының күндерін ресми түрде белгілейтін қарар (A/RES/43/61) қабылдады.
БҰҰ сарапшыларының пікірінше, апталықты жыл сайын атап өту – бейбітшілікке қосқан маңызды үлес. Бұл іс-шара әмбебап маңызы бар тақырыптар бойынша кең ғылыми алмасуды ілгерілетеді және ғылым мен бейбітшілік арасындағы өзара байланыс туралы қоғамның хабардарлығын арттырады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1945 жылы А.П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драмалық театрының негізі қаланды.
1989 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің мұражайы алғашқы келушілерді қабылдады. Музей қорында төрт мыңнан астам жәдігер бар: құжаттар, марапаттар, жеке заттар, фотосуреттер, формалар.
2005 жылы Байқоңыр айлағынан «Союз-ФГ» зымыран тасығышымен «Венера-Экспресс» еуропалық ғарыш аппараты ұшырылды.
2010 жылы Нью-Йоркте Қазақстан-Америка инвестициялық форумы өтіп, онда таяуда АҚШ-та (Нью-Йорк қаласы) ашылған ҚР сауда-өндірістік палатасы өкілдігінің тұсаукесері болды.
2012 жылы батысқазақстандық белгілі әнші Марат Сарбөпеев Македонияның астанасы Скопьеде өткен «Еврофест» эстрадалық әндер фестивалінен бас жүлдемен оралды. Айта кететін жайт, «Еврофест» фестиваліне бұған дейін Қазақстаннан ешкім қатыспаған екен.
2015 жылы Алматыдағы Кеңсай зиратына Батырхан Шүкеновке арналған ескерткіш қойылды. Кешеннің биіктігі – 2,15 м. Мемориал тақтаның оң жағында саксофон ұстаған Батырхан Шүкеновтің бейнесі бейнеленген.
2015 жылы Семейде жаңа көрнекті орын – «Даналық қабырғасы» пайда болды. Бұл әдеттен тыс жобаға жастар бастамашылық жасады. Қаланың орталығындағы кәдімгі ғимарат қабырғасы фреска жазуларына айналды. Суретшілер онда 3D форматында ұлылар: Абайдың, Шәкәрімнің және Мұхтар Әуезовтің портреттері бейнеленді. Ұйымдастырушылар картинаны қазақ ғарышкерлерінің портреттерімен толықтырмақ.
2016 жылы Қазақстанның үш ұлттық театрына: корей, неміс және ұйғыр театрларына академиялық мәртебе беру туралы Президент өкімі шықты.
2018 жылы Қазақстан шахматы тарихында тұңғыш рет Ханты-Мансийск қаласында өткен Әлем чемпионатының 1/8 финалына қазақ шахматшысы Жансая Әбдімәлік өтті. Ханты-Мансийсктегі әлем чемпионаты әлемнің 64 мықты шахматшыларын жинады. Чемпионат ережелері қатал болды. Нокаут-турнирлер жүйесі жеңіліс болған жағдайда ойыншыларды тез арада жарыстан шығарып жіберді.
2020 жылы ІІМ Қазақстан тарихында алғаш рет «Серт» республикалық детективтік шығармалар конкурсын ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін, сондай-ақ қазақстандық патриотизмді арттыру, Ішкі істер органдарының қызметкерлерін Отанға қалтқысыз қызмет етуге, ант пен қызметтік парызға адал болуға тәрбиелеу.
2021 жылы Көкшетауда TopIQ электронды оқулықтарының алғашқы ұлттық платформасының тұсаукесері өтті.
Платформа, бір жағынан, ыңғайлы әдістеме ретінде мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білімге, пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттырады. Фотосуреттер, бейнелер, аудио және қызықты интерактивті әрекеттер сияқты мультимедиялық материалдар студенттерге өздігінен білім алуға мүмкіндік береді. Бұл балаларының білімін бақылайтын ата-аналар үшін де тиімді.
2024 жылы Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын бекітті. Мақсатты индикаторларға сәйкес, 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеуді 25%-дан 38%-ға дейін, экологиялық білім беру іс-шараларына қатысатын оқушылар үлесін 15%-дан 40%-ға дейін, ал азаматтардың қоршаған ортаның өмір сүру сапасына қанағаттануын 55,8%-дан 64,7%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
2024 жылы Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден Азия чемпионатында жеңіске жетті. Турнирдің соңғы матчында Қазақстан хоккей командасы Жапония құрамасымен кездесіп, оларды 5-1 есебімен ұтты.