905 килә марихуанамен қолға түсті

Сақ қаскүнем Шу ауданының құмды алқабындағы «Бестам» жер телімінен 10 бау есірткі шөбін жинаған. Өнімнің жалпы салмағы 905 килә марихуананы құрады. Құқық қорғаушылар күдіктіні таңертең - ол шөп шауып жүрген сәтінде ұстады. Бұрын ұрлығы үшін сотты болған 38 жастағы күдікті марихуананы кептіріп, оңтүстік астанаға миллион теңгеге сатуды жоспарлағанын мойындады. Құрықтау кезінде бес қытай шатыры, орақ және ыдыс-аяқтар табылды.
Жамбыл облысы ІІД ЕБҚКБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жеңіс Бегмановтың айтуынша, «Көкнәр - 2010» операциясы басталғалы бері заңсыз айналымнан 6 тоннадай марихуана тәркіленіп, 90 есірткі қылмысы анықталған, оның ішінде есірткі сату дерегі - 20.
Бүгінде тұтқынға қатысты ҚР ҚК 269-бабының 2-бөлімінде көрсетілген есірткі затын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау не сату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол құрықталып, тергеу абақтысына жеткізілді. Күдіктіге мүлкін тәркілеумен 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.