11:33, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
91 бас киік заңсыз атылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Жыл басынан бері облыс аумағында заңсыз киік аулаудың 30 дерегі тіркеліп, 28 қылмыстық іс қозғалған. Үш айда 91 бас киік заңсыз ауланған. Бұл туралы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Исатай Әбдіразақов «ҚазАқпарат» тілшісіне айтып берді.
Бүгінгі күнге 16 қылмыстық іс бойынша сот сараптама қорытындысына сәйкес мемлекетке келген шығын 14,5 млн. теңге болса, оның 6,6 млн. теңгесі өндірілген. 14 қылмыстық іске байланысты сот сараптама тағайындалып, алдын-ала тергеу амалдары жүргізілуде. «Киіктердің қорғалуын күшейту мақсатында және орын алған заң бұзушылықтар бойынша мемлекетке келтірілген шығынды өндірту және қозғалған қылмыстық істер қисынды шешімін тапқанша бақылау-қадағалау жұмыстары тоқтамастан жүргізіле береді», - дейді И. Әбдіразақов.