А.Абдулла: Қазақстанның дамуы - Ауғанстан үшін жарқын үлгі

Кездесу барысында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауы, сондай-ақ түрлі салалардағы қазақ-ауған екіжақты қарым-қатынастарының болашағы мен қазіргі ахуалы талқыланды.
Кездесуде Қазақстанның Ауғанстанда жуық арада бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнатылуын қолдайтыны, ізгілік көмек көрсететіні, Мемлекеттік білім беру бағдарламасын жүзеге асыратыны, өңірдегі интеграциялық үдерістерге Ауғанстанды тарту бойынша іс-шараларды пысықтайтыны туралы атап өтілді. «Осы бағытта шынайы қадамдардың бірі - 2013 жылғы сәуірде Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен өткен «Азия Жүрегі» конференциясын атауға болады», делінген хабарламада. А. Абдулла биыл желтоқсанда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің 13-ші отырысына қатысатынын растады. Ауған мамандарының елімізде білім алып отырғаны үшін алғысын айта отырып, бұл бағдарламаны елінде жоғары бағаланатынын мәлімдеді. А. Абдулла БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жж. тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын Ауғанстан ресми қолдайтынын растады. Ауғанстанның Атқарушы билік басшысы елімізге оң көзқарасын білдіріп, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және ол бұдан бұрын көп сапар шеккен заманауи Астананың салынуындағы жетістіктерін айрықша белгіледі. Елбасы Н.Назарбаевқа өзінің ерекше ілтипатын танытып, Қазақстанның дамуы өңір мемлекеттері, оның ішінде Ауғанстан үшін жарқын үлгі екенін айтты.