А. Худайкулов: Көпұлттылық - біздің берекеміз

«Біз Қазақстандай байтақ елде, ұлттар мен ұлыстар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақта өмір сүріп жатқан мемлекеттің тұрғыны болғанымызды мақтаныш етеміз.
Осындай мамыражай заманды орнатуға күш салған, әлем мойындаған тұлға Елбасымызды мақтаныш етеміз.
Елдің бірлігі қашқан мемлекетте тұрақтылық болмайды. Алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ, кешегі одақтас республикалардың ішінен шығып жатқан бүлік мен қазақстандықпын дейтін әрбір азаматты ойландыруы керек.
Көпұлттылық - біздің берекеміз. Ынтымақ бар жерде бақ болады. Елбасының Жолдауынан тағы да осындай ғибрат алдық. Сенікі, менікі дейтіндей емес, бауырмал қазақ халқының арқасында біз бақытты өмір сүріп отырмыз. Тәжіктер туралы айтар болсақ, Мақтаарал ауданында 25 мың түтін, Сарыағаш ауданында 10 мыңға тарта отбасы бармыз. Мәдени бірлестіктің төрағасы болғандықтан, жиі бас қосып тұрамыз. Ортақ әңгімеде ынтымақ, бірлік туралы көп айтылады.
Біздің ағайынның негізгі тіршілігі Жер-анамен байланысты. Егін егеміз. Жылыжайдан өнім аламыз, мал өсіреміз. Халықта «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген сөз бар. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске айрықша назар аударып, жыл сайын миллиардтаған қаржы бөледі. Өнімімізге субсидия аламыз, шаруашылықты жүргізуге жеңілдетілген несие береді. Елбасы кешегі Жолдауында шаруаларға қолдауға тағы да қыруар қаржы бөлінетіндігін айтты.
Кәсібі жоқтың - нәсібі жоқ. Аш адамнан әр нәрсені күтуге болады. Бұл - әлемнің әр мемлекетіндегі дағдарыстың ащы сабақтары.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқын әлемдік дағдарыстың алғашқы толқындарынан аман-есен өткізді. Ұлттық қорымыз да ертеңгі күн үшін алаңдатпайды. Оны Жолдаудан анық ұғындық.
«Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты Қазақстанды бүгінгідей де биік белестерге бастай беретініне сенеміз», - деп пікір білдірді ол «Егемен Қазақстан» газетіне.