Ә.Исекешев ресейлік әріптесімен қазақстандық көліктердің транзиттік өту мәселесін талқылады (ФОТО)
Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық одақтың көлік министрлерінің дәстүрлі кездесуінде ынтымақтастық мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметінен.
Келіссөздер барысында Қазақстан тарапы дайындаған үйлестірілген көлік саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу бойынша жұмыстарды жалғастыру туралы, сонымен бірге темір жол көлігіндегі қауіпсіздік сертификатын берудің тәртібі мен талаптарының ортақ тәсілімдемесінің жобасы келісіліп, мақұлданып, оны Комиссия алқасына шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен РФ Көлік министрі М.Соколов арасында көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша екіжақты кездесу өтті. ҚР ИДМ басшысы қазақстандық автокөлік құралдарының Ресей аумағы арқылы транзиттік өтулері мәселесін қозғады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар аталған мәселені екі елдің кеден органдарының қатысуымен тездетіп шешуге келісті. Атап өтетін жайт, қазіргі уақытта қазақстандық тасымалдаушылар баламалы бағыттардың бірі ретінде Баку-Ақтау паромдық өткелін пайдалануға мәжбүр болып отыр.