Абай облысында жол қозғалысына қауіп төндірген жүргізуші жазаланды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында жол ережесін бұзған азаматтар анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында жол қозғалысына қауіп төндірген жүргізуші жазаланды
Фото: Polisia.kz

Абай облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші мен төрт жолаушыны жауапкершілікке тартты. Олар бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған кезде көліктен түсіп, жол бойында би билеген. 

Белгілі болғандай, олар заңды бұзып ғана қоймай, өз әрекеттерін әдейі ойын-сауық мақсатында видеоға түсірген.

Оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Белгілі болғандай, жас жүргізуші көлікті тоқтатқаннан кейін, төрт жолаушы салоннан шығып, жол үстінде билей бастаған. Бұл әрекеттер көлік қозғалысына кедергі келтіріп, басқа жүргізушілерге қауіп төндірген.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылыққа қатысқандардың барлығын жедел анықтап, бөлімшеге жеткізді. Жүргізуші жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Төрт жолаушыға қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндірген әрекеті үшін тиісті шара қабылданды. 

— Полиция мұндай ойын сауықтарға жол үстінде мүлдем жол берілмейтінін ескертеді. Азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз өмірі мен айналадағылардың қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырады, — делінген ақпаратта.

Бірнеше күн бұрын облыста ішімдік ішкен 28 баланың ата-анасы жауапқа тартылған болатын.

Соңғы жаңалықтар