Абылай хан туралы қолжетімсіз болып келген тарихи деректер 2 томдық кітапқа топтастырылды
Ғылыми еңбектің авторы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зарқын Сыздықұлы Тойшыбай.
«Абылай - Қазақ хандығының тәуелсіздігін қамтамасыз еткен ең басты тұлға. Өзге қазақ хандары туралы деректі құжаттар аз болса, Абылай туралы құжаттар Аллаға шүкір - баршылық. Оның бір шеті Қытайда, бір шеті Ресейде, тағы бір шеті Орталық Азия елдерінде жатыр. Дүниежүзіне белгілі тарихи тұлға ретінде Абылайды насихаттауда тек тарихшылар, әдебиетшілер мен өнертанушылар ғана емес барлық сала өкілдері өз үлестерін қосуы керек. Осы бағытта жас ұрпақтың жасайтын ісі әлі көп», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков.
Ғалымның айтуынша, Зарқын Сыздықұлының бұл еңбегінде зерттеу институттары мен әртүрлі зертеушілер жинаған құжаттардың барлығы жинақталып, ресми деректердің ең құндылары ғылыми тұрғыдан топтастырылған. Бұрын газет-журналдар мен кітатарда шашырап жүрген деректер қолымызға дайын күйінде тиіп отыр. Екі кітаптың негізінде Абылай және оның заманына байланысты бірнеше тақырыптық монография да жазуға болады.
Кітап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ел-шежіре» қоғамдық қорынан 2000 данамен басып шығарылды.