Аграрлық аймақ саналатын Шиелі ауданының өндірістік аймаққа айналуға мүмкіндігі зор - Қайрат Сәрсенбаев

- Қайрат Әубәкірұлы, Шиелі ауданы ежелден-ақ, Еңбек Ерлерінің көптеп шыққан, еңбектің қайнаған ортасы болған киелі жер. Сол әдемі үрдіс бүгінде де әдемі жалғасын тауып жатқан болар...
- Аудан халқы қашаннан еңбекпен біте қайнасып, алатаңнан нәпақасын сол еңбегінен айырған жандар. Өзіңіз айтып өткендей, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған отыздан аса еңбек ері шыққан жер. Мұндағы тұрмыс-тіршіліктің оңға басып, барлық салада күн өткен сайын ілгерілеушіліктің барын аудан тайқазанының артуынан-ақ байқауға болады. Ауданымыздың бюджеті жыл басында бекітілген 8 млрд. 541 млн. теңгеден 19,4 пайызға ұлғайтылып, 10 млрд. 200 млн.теңгені құрады.
Білім саласының негізгі көрсеткіші ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша 2014 жылдың қорытындысымен 75,11 балды құрап, біздің аудан облыс бойынша алғашқы үштіктің қатарына еніп отыр.
Үстіміздегі жылы аудан бойынша 24030 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде: 8600 га күріш, 1430 га картоп, 950 га көкөніс, 2196 га бақша егілді.
Жылдағыға қарағанда ағымдағы жылы күріштен гектарына 45 ц, картоптан гектарына 200 ц, көкөністен 250 ц, бақша дақылдарынан 280 центнерден өнім алынып, облыс көлемінде «Алтын күз - 2014» мерекесі аясында ауданымыз ауылшаруашылығы саласында өндірілетін барлық өнім көлемі көрсеткіші бойынша 2-орынды иеленді.
- Әрине, уақыт талабына сай экономика бірінші кезекте тұр. Дей тұрғанда рухани сала қалыс қалып жатқан жоқ па?
- Бұл Нартай Бекежановтай әншісімен, ұлтқа көшбасшы болған Мұстафа Шоқайдай көсемімен қазаққа мәшһүр, қашаннан руханиятқа бай өлке ғой. Біз тек сол қалыптасқан дәстүрді жалғаушылармыз. Биыл Ботабай ауылындағы №228 орта мектепке қоғам қайраткері, су шаруашылығы министрінің орынбасары, Қызылорда облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Шәймерден Бәкіровтың есімі беріліп, бюсті орнатылса, облыс орталығында конференция ұйымдастырылды.
Кент орталығынан әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхамеджан Қаратаевқа көше атауы берілді. Ал, спорт саласында күрделі жөндеуден өткізілген орталық стадионға Иманжүсіп Құтпанұлының есімі беріліп, алдына ескерткіші орнатылды.
Мәдениет саласында 150 орындық 2 клуб үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілсе, 3 клуб үйінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Мұның сыртында әдебиет пен өнерге қатысты шаралар үздіксіз өткізілумен келеді.
- Кезінде аграрлы аймақ саналып келген өңірде қазір өндіріс те өркен жая бастады. Бүгінгі күні а уданда нақты кезеңде қанша инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр?
- Аудан бойынша бүгінгі таңға 19 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 2013 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 103,2 пайызды құрады.
Индустрияландыру картасы шеңберінде біздің ауданда биыл жалпы сомасы 2 млрд. 53 млн. теңгенің 6 жобасы ұсынылып аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданды. Нәтижесінде 232 адам жұмыспен қамтылады.
Жобалық құны 612 млн. теңгені құрайтын «Мия Шиелі» ЖШС мия өсімдігі тамырын өңдеу зауыты, «Шиелі тас - Оңтүстік» ЖШС әк шығару зауыты іске қосылды.
Ал, «Бизнестің жол картасы - 2020 » бағдарламасы ағымдағы жылы жеке кәсіпкер Жеңсікбаева Базаркүлдің жылдық қуаттылығы 2,8 млн. дана күйдірілген кірпіш өндіру зауытының инфрақұрылымына 46 млн. теңге мақұлданса, жеке кәсіпкер Бөкенбаева Үміт Жақанқызы балық кластерін дамыту жобасына 3 млн. теңге грант ұтып алып, өз жұмысын бастады. Одан өзге, бағдарлама аясында Шиелі кентінің шығыс аймағында орналасқан 50 га индустриялық аймақты инфрақұрылыммен (Индустриялық аймаққа 2 трансформатор, 6,369 шақырым электр желісі, 2,322 шақырым су құбырлары, 2,542 км асфальтталған автокөлік жолы қаралған) қамтамассыз ету үшін республикалық бюджеттен 217 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңға, инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталу үстінде. Индустриялық аймаққа «Мия Шиелі» ЖШС-нің мия тамырын өңдеу зауыты орналасса, алдағы уақытта кірпіш, әк, асфальт зауыттарын, пенаблок және құрылыс материалдарын дайындау цехтарын орналастыру жоспарлануда. Сонымен бірге, жеке кәсіпкер Батыршаев Аққуанның шағын шеге өндіру цехы, жеке кәсіпкер Жолшиев Бекзатханның бал ара өсіру, жеке кәсіпкер Шәукебаев Алтынбектің туризмді дамыту мақсатында көл жағалауында демалысты ұйымдастыру кешенін салу, жеке кәсіпкер Рахимов Бауыржанның химиялық әдіспен киім-кешек тазалау цехы, Жеке кәсіпкер Божанов Заңғардың кілем және текемет цехы, жеке кәсіпкер Ералы Ақжолдың дәретхана қағазын шығару цехы жобаларының бизнес жоспарлары дайындалып, грант және жеңілдетілген несие алу мақсатында конкурсқа қатысуға әзір. Жалпы, аграрлық аймақ саналатын Шиелі ауданының өндірістік аймаққа айналуға мүмкіндігі зор.
- Өңірде пайдалы қазбалардың қоры да, мүмкіндіктері де жетіп артылады. Мысалы, Шиелі ауданында ванадий кен орны бар. Қазіргі таңда «Балауса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бала-Сауысқандық» кен орнында құны 35 млрд. теңге болатын қара тақтатасты автоклавты өңдеу жобасын іске асыруда. Осы жөнінде айтып өтсеңіз...
- «Фирма Балауса» ЖШС Шиелі ауданында 2006 жылдан бері жұмыс жасап келеді. 2012 жылдан бастап қара тақтатасты автоклавты тәсіл бойынша өңдеуді қолға алды. Жобаның құны 35 млрд. теңге. Жобаның жұмыс жоспарына сәйкес 3 кезеңнен тұрады, 1-кезең 2011-2015, 2-кезең 2016-2018 және 3-кезең 2019-2043 жылдар аралығы. Негізгі өндірілетін өнімдер ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көміртек. 1-кезеңде 15000 тонна қара тақтатасты автоклавты тәсіл бойынша өңдейтін болса, 2-кезеңде 500 мың тонна, 3-кезеңде 4 млн. тоннаға дейін өңдеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 1-кезеңде 240 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді, жұмысшылардың орташа айлығы 65-70 мың теңге, 2043 жылға дейін 1100 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарда бар.
- Ауылдардағы ағайынның ахуалы қандай? Бүгінде байқап отырмыз, барлық ауданда да тұрғындарды толғандырған бірден бір мәселе - ол таза ауыз су мәселесі. Нақты кезеңде қанша ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр? Бұл бағытта биыл қаншалықты жұмыс жүргізілді?
- Шиелі ауданы бойынша 13 елді мекен Жиделі топтық су құбырымен, жергілікті ұңғыма арқылы 14 елді мекен ауыз сумен қамтылып отыр. Бұнымен тоқтап қалмай, елді мекендерді Жиделі топтық су құбырына қосу жалғасын табуда. Халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында 2 млрд. теңгеге Шиелі кентінің ауыз су құрылысының 3 кезеңі, Бидайкөл, Алғабас, Алмалы, Тәжібаев, Жөлек елді мекендерінің ішкі су құбырлары және Алмалы елді мекеніне дейінгі су тасымалдаушы тармағының құрылыстары жүргізілуде. Әзірге, жағдайдан шығу үшін биыл 24 млн. теңгеге 4 су таситын (водовоз) автокөлік алынып, Бәйгеқұм, Бидайкөл, Алғабас, Ә.Тәжібаев ауылдарына берілді.
- Алдағы жылы Ұлы Отан соғысысындағы Жеңіске 70 жыл толғалы отыр. Ардагерлерімізді ардақтау қалай жүзеге асып жатыр?
- Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу іс-шара жоспарының жобасы әзірленді.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің тұрғын үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге сметалық қаржы жобасы жасалынып, барлығы 36200,5 мың теңге көлемінде республикалық бюджеттен сұраныс жасау мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсынылды.
Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 топ мүгедегі Ә.Әбдіреевке үй берілсе, С.Е.Добрынге және С.Байжановқа тұрғын үй берілуге құжаттары дайындалуда. Ұлы Отан соғысының ардагерлері А.Жолбаевқа және В.Кривенконың тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жасап беруді жоспарлап отырмыз.
Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында Көкшоқы елді мекенінде тағзым алаңы салынып, «Даңқ аллеясына» жазылатын Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен боздақтардың тізімі нақтыланып, 4047 адамның тізімі берілді.
- Сұхбатыңызға рахмет.