Агроөнеркәсіп кешеніндегі 16 жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Биылғы жылы халыққа арнаған Жолдауында Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен шикізатты қайта өңдеуді шұғыл арттыру, өндіріске жаңа технологияларды енгізу мен әлемнің озық тәжірибелерін пайдалану қажеттігін атап көрсеткен болатын.
None
None

Осыған орай Қызылорда облысының аумағында тауарлы сүт фермасы мен мал бордақылау алаңдарын салу, тамшылатып суару әдісі мен жеміс пен көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, жылыжай шаруашылығын дамыту мен өнімді өңдеп, экспортқа шығару бағытында бірқатар инвести­циялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында іргелі жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, қазір облыстың өңірлік индустрияландыру картасына агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша жалпы құны 12 млрд. теңгені құрайтын 16 жобаны іске асыру қолға алынды. Осы жобалардың үшеуіне ҚР Үкіметі ерекше назар аударып отыр.

Үстіміздегі жылы «Шапағат сүт» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 215 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 30 тонна нан және нан өнімдерін шығаратын инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Бүгінгі күндері бұл зауытта тәулігіне 1,5 тонна нан өнімдері шығарылуда. Қазір осы зауыттан шыққан бір бөлке нан сауда орындарына 27 теңгеден босатылуда. Зауыт ше­телдік заманауи технологиялық қондырғы­лармен жабдықталған. Шығарылатын нан өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында серік­тестік басшылары Чехия елінің технологтарын арнайы шақыртқан. Олар бүгінде жергілікті мамандарды атқарылар жұмыстың қыр-сырына үйретуде.

Тағы бір маңызды жобаны «РЗА» акционерлік қоғамы қолға алды. Атап айтқанда, бұл қоғам 660 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын салу инвестициялық жобасын іске асыруда. Бұл тауарлы сүт фермасы болашақта 1200 ірі қараны ұстауға дейін ұлғайтылмақшы. Еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген бұл жобаның құны 1695,0 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда онда кестеге сәйкес мал фермасы, қоралар мен бұзаулар тұратын орын, қосалқы стансы құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін бұл тауарлы сүт фермасының әкімшілік ғимараты, сүрлем дайындау траншеялары мен органикалық тыңайтқыштар дайындау нысандары толық аяқталды. Сондай-ақ су және электр желілері жүргізілді. «Қазагроқаржы» АҚ жобаның кестеге сай жүргізілуіне орай оған 918,9 млн. теңге аударды. Қазір осы қаржыны толықтай игеру мақсатындағы тірліктер атқарылуда. Соның ішінде Венгрия елінен 660 бас голштино-фриз атты асыл тұқымды қашарлар алуға 261,9 млн. теңге аударылды.

Бүгінде рзалықтар осы маңызды жобаға сәйкес бес мың тонна шөпті дайындап та қойды. Сондай-ақ, сүрлем үшін 500 гектар жерге жүгері екті. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есе­бінен қажетті техникаларды лизингке алды. Мұнан бөлек, «РЗА» АҚ қолдау көрсету мақса­тында бюджеттен тыс қорлар есебінен қайтарым­ды негізде пайызсыз 250 млн. теңге қаржы бөлінді.

Осындай ауқымды инвестициялық жобаны Жаңақорған ауданындағы «Татуагро» шаруа қожалығы да қолға алды. Бұл қожалық құны 953,3 млн. теңгені құрайтын қызанақ өндіру мен бау-бақшаларды тамшылатып суаруды қайта жаңғырту, онан алған өнімдерді ұқсату бағытында жұмыс жүргізуде. Жоба бойынша қожалық то­матқа қажетті егіс көлемін қосымша 260 гек­тар­ға, алма ағашы мен жүзім егу алқаптарының әр­қайсысын 100 гектарға жеткізуді межелеп отыр.

Бүгінде техникалық шарттарға сәйкес «КРЭК» АҚ электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Биылғы жылы қожалық тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып 240 гектар жерге томат, 10 гектар картоп, 20 гектар бақша, 2 гектар сәбіз бен 2 гектар пияз екті. Сонымен қатар өткен жылдары егілген 26 гектар алма мен жүзім алқаптары күтімге алынды.

Өңіріміздегі агроөнеркәсіп кешені саласын­дағы инвестициялық жобаларға қолдау көрсету мақсатында үстіміздегі жылы жергілікті бюджет­тен 250 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазір бұл қар­жыға мал бордақылау алаңы мен өсімдік майын өндіру цехын салу және құрама жем шығару зауытын ұйымдастыру жөніндегі әлеуметтік маңызы бар инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Бүгінде мал бордақылау алаңын салу ісін Сырдария ауданы, Жетікөл ауылындағы «Алиак­бар ата агро» шаруа қожалығы жүргізуде. Қожалық қазірдің өзінде 100 бас мүйізді ірі қара мен 300 бас қой және 150 бас жылқы малын ұстауға арналған мал қораларының құрылысын толық аяқтап қойды. Сонымен қатар ол мал сою пунктінің құрылысын да бастады. Жаңа техника­лармен қамтамасыз етіліп отырған бұл жоба осы тамыз айының соңында пайдалануға берілмекші.

Сонымен қатар май өндіру цехын салуда Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылындағы «Сабыр и К» жеке қожалығы тендер жеңімпазы атанды. Қазір аталған цех орналасатын ғимарат толық дайын болған. Қожалық Молдова Республикасынан өсімдік майын шығаратын технологиялық жабдықтарды алуға келісім-шартқа отырған. Амандық болса бұл жабдықтар қыркүйек айында облысқа жеткізіліп, құрастырылатын болады. Сөйтіп, цехты қазан айында іске қосу межеленуде.

Сонымен, облыста азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен олардың бағасын тұрақтандыру мақсатында агроөнеркәсіп кешені саласында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Инвестициялық жобалардың алғашқы легі қазірдің өзінде іске қосылып, онан шыққан өнімдер өз тұтынушыларына жол тартты. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға бағытталған мұндай іргелі істер әлі де жалғасын табуда.

Соңғы жаңалықтар