11:23, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Ағымдағы жылы Ақтөбе облысында 12 мың жаңа жұмыс орны құрылады
АҚТӨБЕ. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Республика өңірлерінің халқын жұмыспен қамту және кадрларды қайта дайындау үшін Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес, Елбасы Үкіметке 140 миллиардтай теңге бөлуді тапсырып отыр.
Жұмыспен қамту стратегиясын тең қаржыландыруға Ақтөбе облысының бюджетінен де ресурстар бөлінеді - 5-7 мыңдай адамды қамтитын қоғамдық жұмыстарға 400-500 миллион теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың айтуынша, аймақта жыл бойына инвестициялар тарту мен жаңа кәсіпорындар ашудың есебінен 12 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Жолдауға сәйкес, аймақтың коммуналдық желілерін қайта құруға және жаңартуға 5 миллиардтай теңгені игеру жоспарланып отыр, осының есебінен 4-5 мың жұмыс орны құрылады. Жергілікті жолдарды жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңарту жұмыстары үшін Ақтөбе облысына 10 миллиардқа жуық теңге бөлінгелі отыр. Атап айтқанда, өңірде 174 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда, оның 82 шақырымы - Ырғызға апаратын жолда, 20-40 шақырымы ? Қобда тасжолы бойына орналасқан, оған қоса Кеңқияққа баратын жолда да жөндеу жұмыстары басталады. Әлеуметтік маңызды жаңа нысандардың құрылыстарын да аяқтау жоспарлануда, атап айтқанда 16 мектептің, 18 балабақшаның, 15 денсаулық сақтау нысанының құрылыстары аяқталмақ. Оған қоса, облыста әлеуметтік жұмыс орындарының жеткілікті саны, сондай-ақ жас мамандар машықтанудан өтуге арналған жұмыс орындары ашылмақ.