АҒЫНТАЙ БАТЫР

Ағынтай батыр (1599-1672) - батыр, қолбасшы, Есім мен Жәңгір хандардың сенімді серіктерінің бірі. Орта жүздің арғын руынан шыққан.
None
None

Ағынтай батыр 1620 жылдан бастап жоңғарлармен болған ірі шайқастардың барлығына қатысқан. Қалмақ батырларымен әлденше рет жекпе-жекке шығып, үнемі мерейі үстем болып отырған.

1635 жылы болған ірі шайқаста қалмақ қолына түскен Жәңгір сұлтанды Шапырашты Қарасай батыр мен арғын Ағынтай батыр тұтқыннан құтқарған. 1643 жылы Орбұлақ өңіріне Жәңгір хан мен Қарасай, Ағынтай батырларда кеткен есесін қайтаруды мақсұт тұтқан Батыр қонтайшы кеудесіне кек қатып, 50 мың қолдық шерігін бастап қазақ даласына енеді. Тосын хабардан Жәңгір хан жанына бар болғаны 600-ге жуық сардарларын жинап үлгереді. Бірақ та Салқам Жәңгірдің жанына топтасқан 600 сарбаздың әрқайсысы жүзге татитын батырлар еді. Олардың ішіндегі Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай батырлар жауға қарсы еуропалық әдіс-тәсілдерді пайдалануда ерекше көзге түскен. 1643-1644 жылдары Қарасай батырмен бірге Ағынтай батырмен барлық шайқастарға қатысып, жауға әрқашан тойтарыс беріп, жас сарбаздарға үлгі болып отырған. 1644 жылы соңғы рет досы Шапырашты Қарасай батырмен бірге 66-65 жасқа келген шақтарында жоңғарлардың 2000-ға жуық әскерлеріне тойтара соққы беріп, жеңіске жеткен.

Аңыздарда Ағынтай батырдың орасан зор қара күш иесі екендігі де айтылады. Оның жұдырығы тигенді сау қалдырмаған. Сондықтан да халық жұдырығы қатты адамды «Ағынтай жұдырығы» деп атап кеткен.

1670 жылы Шапырашты Қарасай батыр егде тартқан шағында өзінің досы Ағынтай батырдың еліне келіп бір жылдан кейін қайтыс болады, ал 1672 жылы Ағынтай батыр қайтыс болған. Екеуi де Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Құлшынбай-төбе шоқысында бiр зиратқа жерленген.

1999 жылғы 16 маусымда Петропавл қаласындағы Театр алаңында Н.Погодин атындағы орыс драмалық театры алдындағы күртті граниттен жасалған тұғырға қазақ халқының сүйiктi қолбасшылары Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткiші орнатылды. Жауынгерлердiң қола мүсiндерi бiр-бiрiмен иық тiресiп тұр, әрқайсысында найза, қолдарына қалқан ұстап тұр. Мүсiндiк композиция белорустық шеберлермен қоладан құйылған, оны Қазақстан Сәулетшiлер одағы өкiлдерiнiң басшылығымен Петропавл ауыр машина жасау зауытының мамандары жинақтады. Ескерткiштiң мүсiншiсi- Болат Сапарұлы Досжанов, сәулетшiлері- Ю.Дворников, С. Фазылов.

1999 жылы 22 маусымда халық қолбасшылары Қарасай батыр мен Ағынтай батырдың ескерткішінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысқан.

1999 жылы 15 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында атақты батырлар, Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен ерлерге арнап Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалдық кешені ашылды.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том.

Соңғы жаңалықтар