«Әкемнің жоқтығын білдірмеді» — Толқын Забирова анасы жайлы естелік айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова жуырда дүниеден өткен анасы жайлы естеліктерін Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында бөлісті.
— Өмірге деген құштарлық — анамның ақ сүтімен бойыма сіңген қасиет. Анам өте өнерлі жан еді. Алғаш сахнаға шыққанымда сахна киімдерімді тігіп берген. Өнерге, білімге баулыды. Әкемнің орны жоқтығын білдірмей, 1979 жылы Аягөзден Алматыға алып келіп, білім алуыма сеп болды. А. Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебіне орналастырып, музыка жағынан сауатымды ашып, консерватория, одан кейін аспирантурада білім алуыма себеп болды. Бүгінде кандидаттық диссертациямды қорғап, профессор атандым, шәкірт тәрбиелеп отырмын — бәрі де анамның арқасында, — деп еске алды әнші.
Айта кетейік, Толқын Забирова — қазақ эстрадасына опералық музыканы әкелген тұңғыш әншінің бірі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өнертану ғылымдарының кандидаты. Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры.
Бұған дейін эстрада және опера әншісінің Астана және Алматы қаласында шығармашылық кешін беретіні туралы жазған едік.