Әкім қандай болса, елді мекеннің келбеті де сондай - Қызылорда облысының әкімі
«Әкім қандай болса, елді мекеннің келбеті де сондай». Бүгін облыс әкімі Қ.Көшербаев өзі төрағалық еткен мәжілісте осылай деді.
Наурыз айында облыс елді мекендерін санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығы жарияланған болатын. Содан бері 67 500 адамның қатысуымен 6 мәрте сенбілік ұйымдастырылды. Арнайы полигонға 38,5 мың текше метр тұрмыстық қалдықтар шығарылып, 8300 шақырымға жуық көшелер мен арықтар тазаланды.
«Атқарылып жатқан жұмыстар әлде де көңіл көншітпейді. Тағы қайталап айтам әкім қандай болса, елді мекеннің келбеті сондай! Тек аудан орталығын ғана сылап-сипамай, шалғайдағы ауылды да көркейтіңіздер. Ең алдымен жариялылық керек. Есігінің алдын таза ұстамайтын мекемелер мен тұрғындарды аудандық, облыстық газеттерге суретімен жариялаңыздар», - деді өңір басшысы Қ.Көшербаев.